Фото:https://egemen.kz/media/2019/07/18/bez-nazvaniya.jpg

Бизнес бастау үшін миллиондаған қаржы қажет. Иә, талай адамның дәл осылай ойлайтыны жасырын емес. Бірақ бұл түсінік те біртіндеп өзгеріп келеді.

Мысалы заманауи мүмкіндіктердің арқасында саудаға икемі бар адам үшін табыс табудың жолы көбейді. Әсіресе әлеуметтік желілер шағын кәсіптің алып алаңына айналды. Осы арқылы студенттер, жас аналар кәсібін дөңгелетіп отыр.

Бизнестегі жолын 18 жаста бастаған Перизат Жаңабай алғашқы кездері қорыққанын жасырмады.

– Иә, жастық кезеңді дұрыс пайдалану қажет. Сол үшін 18 жасымда алғашқы кәсібімді аштым. Бірақ бастапқыда оқумен қатар қосымша табыс көзін алып жүру мүмкін емес көрінетін. Кейін онлайн бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларын көріп қызығушылығым артты. Бірінші салған инвестициям 50 мың теңге еді. Бизнес бастау үшін міндетті түрде қомақты қаражат пен танымалдылық қажет деген уайымымның бекер екенін сол кезде түсіндім, – деді ол.

Перизаттың айтуынша, оқумен қатар табыс көзіне де үлгеру студенттердің арасында сирек кездеседі. Бастысы таза ниет пен нақты қалау болса, алынбайтын қамал жоқ екенін де тілге тиек етті. «Онлайн табыс табу, жеке бренд қалыптастыру мүлдем жас талғамайды» дей келе сұхбат барысында егде жастағы кісілердің де бизнес саласында мол табысқа кенелетінін, тіпті оларға сұраныстың көп түсетіні жайлы айтып өтті.

− «TikТok» − үлкен мүмкіндік сыйлайтын желі. Оған «batistinazhesi» парақшасын жүргізетін апаның өзі дәлел. Ол тікелей эфир арқылы орамал, қазақы шашбау, шекелік, сырға сатады. Апамызды тамашалайтын көрерменнің санын көрсеңіз, таңдай қағасыз. Алғашында қызықтап қарап жүрген едім, уақыт өте келе бизнес саласындағы бәсекелесіме айналғандай сезімде болдым. Тапсырыстарды жеткізу қызметіне апаруға барғанда жиі көремін. Апам өте қуатты, жігерлі. Ал қайраттылығы сонша өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді. Тапсырыстары өте көп, бірақ соған қарамастан тауарларды өз күшімен көтеріп, қаптаманың сыртын толтырып жөнелтеді, – деді жас кәсіпкер.

Расымен, бүгінде әлеуметтік желі тек байланыс құралы ғана емес, табыс табудың тиімді алаңына айналды. Бұрын кәсіп ашу үшін арнайы дүкен, жалға алынған ғимарат немесе үлкен капитал қажет болса, қазір бір ғана телефон мен тұрақты интернеттің өзі жеткілікті.

Ақерке ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!