Қазақстанда малға арналған жем-шөп өндірісі бір жылда 12%-ға қысқарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме беріп.
Биыл қаңтар-қыркүйекте елімізде ауыл шаруашылығы жануарларына арналған 1,3 млн тонна дайын жем өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға аз. 2021 жылы жем өндіру 1,9 млн тоннаға жетті.
Өндірілген жемнің басым бөлігі Алматы облысына тиесілі. Ол 347,3 мың тоннаға жетіп, бір жылда 3%-ға артқан. Өндірістен көш бастап тұрған үштікке Ақмола (223,8 мың тонна, 0,5%-ға аз) және Солтүстік Қазақстан (161,1 мың тонна, 18,4%-ға көп) облыстары да кірді.
Үздік үштікке кірсе де, солтүстік аймақтың ауылдарында жем-шөп жетіспеушілігі байқалады. Оған себеп – елді мекендерге жақын жайылымдар мен шабындықтар жетіспеушілігі және қымбатшылық.
1 қазанда елімізде ірі қара мал саны 9 миллионға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ға артық. Оның ішінде сиырлардың саны 4,6 млн басты құрады.
Жылқы саны бір жылда 11,7%-ға (3,8 млнға), түйе 8,6%-ға, (265,3 мыңға), қой 4,2%-ға (21 млнға), құс 0,6%-ға (50 млн басқа) дейін өсті.
Ал ешкі (0,8%-ға, 2,5 млн басқа дейін) және шошқалар (11,6%-ға, 849,3 мың басқа дейін) саны азайды.
2022 жылы қаңтар-қыркүйек аралығында тірі салмақта 1,5 млн тонна мал мен құс (0,7%-ға көп) және сою салмағында 847 мың тонна (0,3%-ға көп) сойылды немесе сатылды.
Сиыр сүті өндірісі 1,8%-ға, (5,1 млн тоннаға дейін), тауық жұмыртқасы 5,3%-ға (3,8 млрд данаға дейін), ірі жануарлардың тері өндірісі 1,6% – ға (2,3 млн данаға дейін) өсті. Ұсақ жануарлардың терісін өндіру жылына 0,6%-ға, яғни 5,2 млн данаға дейін қысқарды.
Қазан айының қорытындысы бойынша ет және ет өнімдері бір жылда 15,9%-ға қымбаттады. Оның ішінде ет пен құс еті 14,6%-ға, шұжық 21,3%-ға, басқа да ет өнімдерінің бағасы 15,7%-ға өсті.
Сиыр еті бір жылда 9,3%-ға, жылқы еті 16,3%-ға, шошқа еті 13,4%-ға, қой еті 12,5%-ға, құс етінің бағасы 28,6%-ға артты. Қайнатылған шұжықтар 22,2%-ға, жартылай ысталғандар 21,2%-ға қымбаттады.
Маңғыстау облысында баға айтарлықтай өскен. Өнімдер бір жылда 22,6%-ға қымбаттады. Одан кейін Павлодар (20%-ға) және Ақтөбе (19,5%-ға) облыстарында өсім байқалады.
Қазан айында дүкендер мен базарда сиыр етінің киллограмы орта есеппен 2,4 мың теңгеден, қой еті 2-2,7 мың теңгеден, шошқанікі 2 мың теңгеден, жылқы еті 3 мың теңгеден, тауық 1,4 мың теңгеден сатылды.
Тауық сүйектерін 1,2 мың теңгеге, қайнатылған шұжықты 2,6 мың теңгеге, жартылай ысталған шұжық 3,1 мың тг және сиыр бауырын 1,2 мың теңгеден алуға болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!