Сыбайлас жемқорлық ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті  тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп ойлау теріс пікір, жемқорлықпен бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс.

Сыбайлас жемқорлық барлық мемлекеттерде тамырын тереңге жіберген. Сондықтан онымен күресу, тоқтаусыз, барынша қатал әрі нәтижелі түрде жүргізілуі тиіс. Жемқорлықпен күрес кез келген қоғам үшін әрқашан өзекті әрі ғаламдық мәселе болып отыр. Ал, онымен күрестің тиімділігін арттыру кез-келген мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Әсіресе, бұл серпінді дамып келе жатқан және бәсекеге қабілетті әлем елдерінің қатарына кіруді мақсат етіп отырған біздің еліміз үшін өте маңызды.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға,осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Заңның ең басты құндылығы, ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіптен сақтауға, сондай-ақ жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, тыю және ашу жолында мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.  Өз кезегінде барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреттері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын  жоқ. Қоғамның барлық               күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

Жалпы жемқорлықпен күресте тек қана қағаз бетінде қалмай барлығымыз жұмыла жеңуіміз қажет деп санаймын.

Г.ДЖУРАБЕКОВА,

Қызылорда облысының

Әділет департаментінінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!