Апта басында Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында NEET санатындағы жастардың саны көп өңірлерге тоқталып, жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аудару керек екенін жеткізді. Үкімет басшысының дерегінше Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында оқуға, жұмыс істеуге, еңбектенуге құлықсыз жастардың саны басым.
Сарапшылардың пайымдауынша, NEET санатындағы жастар көрсеткішін қайтарымсыз гранттар жобасы азайтуы мүмкін. Олай деуге толық негіз бар. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асқан «Zhas Project» жобасы. Жұмыссыз жастардың үздік әлеуметтік жобаларын сынға салатын гранттық конкурсқа сол жылы 5508 жас қатысып, 1616 бірлескен жоба жеңімпаз танылған. Яғни, осыншама жұмыссыз жас өз кәсібін бастап, бүгінде еңбегінің жемісін жеп отыр.
«Zhas Project»-тің ең тиімді тұсы сол, әр жобаға миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат және әр қатысушыға алты ай бойы 40-60 мың теңгеден шәкіртақы берілді. Бір ғана Қызылорда облысында жоба бірнеше түйіткілді мәселенің шешімі болды. 282 жоба жеңімпаз атанып, мыңнан аса жұмыссыз жастар жобаның жемісін көріп, бизнеске қадам басты. Биылдан бастап аталған жоба жұмысын қайта жалғап, NEET санатындағы жастарға қанат бітіруде. Дегенмен шарапаты мол жоба жұмыссыз жастары көп өңірлерге бұйырмай тұр. Дәлірек айтсақ, Түркістан, Маңғыстау, Алматы облыстарында «Zhas Project»-тің гранттары үйлестірілуде. Ал Әлихан Смайыловтың дерегіндегі NEET санатындағы өңірлерге жобаның қай уақытта келетіні беймәлім.
NEET жастар проблемасын шешу бойынша жұмыстың жүйелі жүргізілуін қадағалауға Оқу-ағарту министрлігі де өз үлесін қосуға бел буған. Әсіресе жұмыс істеуге, оқуға құлықсыз жастары көп өңірлерге арнайы көңіл бөлу арқылы NEET санатындағы жастарды қоғамның белсенді мүшесі етіп тәрбиелеу мәселесі минстрліктің тарапынан қолға алынған. Бұл елдегі жұмыссыз жастар проблемасын шешуге арналған нақты қадам екенін жеткізді Асхат Аймағанбетов.
– Биыл бірінші кезекте техникалық бағыттағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9-сынып түлектерін колледждерде тегін қамту жоспарланғандықтан, NEET жастар саны көп өңірлерде жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттардың азайғаны байқалады. Сондықтан жергілікті бюджеттен гранттарға бөлінетін қаражаттың азаюына орай республикалық бюджеттен қосымша грант бөлуге мәжбүр болдық. Республикалық бюджеттен бөлінген қосымша гранттың бөлінуін жергілікті атқарушы органдар мұқият бақылауға алу керек. Әлі қабылдау жүріп жатыр, Үкіметтің осы мәселеге көңіл бөлуін сұраймын, – деді министр.
Расында, статистикаға сәйкес Қызылорда облысында белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың бар екені жасырын емес. Бұл бағытта жағдайды реттеу үшін облыстық «Жастар ресурстық орталығы» бірқатар жұмысты қолға алған. Мәселен, орталық өткен жылы қараша-желтоқсан айында облыстағы NEET санатындағы азаматтарды анықтау бағытында жүйелі жоспар түзіп, барлық ауданды қамтуға тырысыпты. Сондай-ақ Қызылорда қаласы мен 7 аудан орталықтарында арнайы маман бекітіліп, істің алға жылжуына мүмкіндік туған. Арнайы дайындалған сауалнама арқылы жалпы жастар саны, олардың әлеуметтік статустары анықталған. Сонымен қатар орталықтың мәліметінше, бизнес жобалар байқауы, ғылыми жобалар, өнертапқыштар арасында «Технократтық қоғам», бизнес-лагерь, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, күрделі мәселені шешуге атсалысып келеді.
Қоғамдағы құлықсыз жастардың санын азайту үшін Смайыловтың жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аудару керек деген тапсырмасы жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңнан астам жастар шығады. Сондықтан бірінші кезекте жұмысқа орналасуға көмектесу керек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!