Өзіңе сенсең де, көлікке сенбе. Көлік – тек темір. Десе де сол темірге отырып, жылдамдыққа ерік беріп, өзімізді де, өзгелерді де ұмытып кетеміз. Қауіптің бар екенін елемейміз де. Бүгін бізді алаңдатқан мәселе – жол-көлік оқиғаларының көбейіп жатқаны.
Бірден сандарға зер салсақ, былтыр елде 36 146 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал 2024 жылдың соңында ЖКО саны 31 597-ге жеткен. Екі жылды салыстырсақ, 14% айырмашылық бар. Кейінгі он жылдықтағы көрсеткіштерді де назардан тыс қалдырмауды жөн көрдік. 2015 жылы 18 917 жағдайдан басталып, көрсеткіш 2023 жылға дейін 13-14 мың аралығында болған. Бірақ 2024 жылы екі есе өсіп, 31 597 жол апаты болған. Ал мұндай өсім көзге бірден түседі.
Қауіптің көлеңкесі сейілмей, зардап шеккендер де азаймайды. Былтыр 36 146 жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің саны 51 550 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 18,6%-ға көбейген.
Ең көп зардап шеккендер – жараланғандар. 49 220 адам, яғни жалпы көрсеткіштің 95,5%-ы. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 20,4%-ға өскен. Демек жылдамдықты асыру, ереже бұзу немесе қарапайым сақтық шараларын ұмытқан әрбір әрекеттің артында мыңдаған тағдыр, аяқ астынан үзілген өмір мен орны толмас қасірет қалды.
Статистика бойынша жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 9,7%-ға азайған. Дегенмен бұл бірде-бір оқиғаның мәнін азайтпайды. Өйткені былтыр 2 330 көлік емес, 2 330 адам өмірмен қоштасты, үйінен шыққан 2 330 жан біржола оралмады. Бұл – қоғам үшін үлкен сабақ, әрқайсысы ескерту.
Елдегі жалпы ахуалмен таныстық. Ал өңірлерді жеке қарасақ, жағдай әртүрлі. Ең көп зардап шеккендер Алматы қаласында 8 954 адам, Алматы және Жамбыл облысының әрқайсысында 5 987 адам тіркелген. Ақтөбе облысында 3 053, Атырауда 2 785 адам зардап шеккен. Жарақат алғандардың ең көп саны да осы өңірлерде. Алматы қаласы – 8 881, Астана – 2 573, Алматы облысы – 5 613, Жамбыл – 3 071, Ақтөбе – 2 919, Атырау – 2 689. Қайтыс болғандар көрсеткіші де алаңдатады. Алматы облысында – 374, Түркістан – 274, Жамбыл – 205, Қарағанды – 160, Жетісуда 137 адам.
Бірнеше өңірдің де мәліметін салыстырдық. Мысалы Маңғыстауда 2015 жылдан бері жылына 400-500 оқиға тіркелсе, 2024 жылы 1 466, ал 2025 жылы 1 672 жағдайға жеткен. Яғни кейінгі бес жылда апат саны үш есе өсіп отыр. Қызылорда облысында да тенденция ұқсас. 2015 жылдан бастап жыл сайын шамамен 381 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 976-ға, 2025 жылы тіпті 1 446-ға жеткен. Ал Алматы қаласында 2015-2017 жылдары жыл сайын бес мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп келсе, 2018 жылы белгілі бір деңгейде төмендеу байқалды. Дегенмен кейінгі екі жылда күрт өсіп, ЖКО саны жеті мыңнан асты. Жамбылдықтардың да жайына зер салдық. Себебі бұл өңірде ЖКО салдарынан зардап шеккендер басым. Он жыл алдын ЖКО-ның 1298, ал былтыр 2042 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2015-2018 жылдары ең азы 2121 адам, ал кейін, яғни 2019 жылы 1500-ге дейін төмендеген екен. Бірақ бұрынғы меже қайта келіп, былтыр 3276 адам зардап шеккен. Құрбандардың санына келер болсақ, сәл де болса төмендеу байқалады.
Жоғарыда сақтықты сақтамаудың салдарынан немесе басқа да себептен орын алған жағдайдың дерегін жаздық, көзге түйедей көрінетін санға да тоқтадық. Ал қандай шара қолданылып жатыр? Жаға ұстататын жағдай неге азаймай тұр?
Жол қозғалысы ережелерін бұзуға байланысты жаза күшейді. Былтырдан бері жылдамдық сағатына 60 шақырымнан асқан жағдайда 40 АЕК көлемінде айыппұл салынып бастады. Қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру, ал егер бұл әрекеттер жол апатына әкеп соқса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы көзделген. Егер қарсы жолаққа шығу жол апатына әкеп соқса, бұл үшін жүргізушілер 9 айға жүргізуші құқығынан айырылады. Былтыр 11 айдың ішінде 21 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды. 25 мыңнан астам жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылып, 21 мың адам әкімшілік қамауға алынған. Ал 401 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Саргулов Көлік министрлігімен бірге трассаларда орташа жылдамдықты бақылау орнатылғанын айтқан еді. Сонымен қатар баспасөз мәслихатында:
− Жұмыс барысында жедел-профилактикалық іс-шаралар, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша акциялар өткіземіз, жол қозғалысын қадағалау үшін цифрлық шешімдерді енгіземіз, мобильді кешендерді қолданамыз. Қазір олардың 523 бірлігі бар. Сонымен қатар «жасырын» патрульдеу жүйесі де қолданылады. Дрондардың көмегімен қозғалысты бақылау енгізілген соң 4 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Тәртіп бұзушылармен күресу үшін барлық цифрлық құрал мен камералар «ТОР» платформасына біріктірілді. Бұл арқылы көліктердің қозғалысын қадағалау, іздеуде жүрген көліктерді анықтау, агрессивті жүргізушілерді бақылау, 8 сағаттан астам уақыт тоқтамай жүрген «шаршаған жүргізушілерді» анықтау міндеттері кешенді түрде орындалады, – деді Ғалым Саргулов.
ЖКО жиі орын алатын өңірдің бірі − Түркістан. Қазір қала аумағында барлығы 410 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 200 камера жаңғыртудан өтіп, 170 камера ОВН жүйесі бойынша жұмыс жасайды. 40 камера заманауи аналитикалық мүмкіндіктермен жабдықталған. Ал Алматыға бейнебақылау орнату бойынша «Көркем Телеком» компаниясымен серіктестікті тағы бір жылға, яғни 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылданып, Алматыға қосымша 350 «Сергек» кешені орнатылатын болды. Бүгінде Алматыда 1641 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Астанада «Сергек» жүйесін алмастыратын жасанды интеллект негізіндегі жаңа бейнебақылау жобасы іске қосылады. Жобаны Біріккен Араб Әмірліктерінің G42 холдингіне кіретін халықаралық Presight компаниясы жүзеге асырады. Абай облысында да жол-көлік оқиғаларын болдырмау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар шара қабылданды. Абай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Данияр Нұрпейісовтің айтуынша, полиция қызметкерлері жол қозғалысы қарқынды учаскелерде, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және қоғамдық орындарда бақылауды күшейткен. Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін дрондар қолданылып, қауіп төндіретін қозғалыстар, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелінде жол бермеген 4879 жүргізуші жауапкершілікке тартылған.
– Өткен жылы облыс аумағында 1134 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол қозғалысы ережелерін бұзған 3783 жаяу жүргінші анықталды. Құқық бұзушылықтардың көбі белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, бағдаршам талаптарын сақтамау және абайсыздық салдарынан болған, – деді Данияр Нұрпейісов.
Жолдағы тәртіпті күшейту, жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытындағы нақты қадамдардың бірі Қызылордада қолға алынған. Қала аумағында «Сұңқар» атты автоматтандырылған интеллек- туалды кешен іске қосылды. Бұл кешеннің басты ерекшелігі – жылдамдықты шектен тыс асыру, жаяу жүргіншіге жол бермеу, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану фактілерін автоматты түрде тіркеуінде. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелер жолдағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Жаңа қондырғы қос бағытта жүріп келе жатқан көліктердің де жылдамдығын анықтай алады. Жылдамдық режимін бұзған автокөліктің мемлекеттік нөмірі тіркеліп, автоматты түрде айыппұл рәсімделеді. Бүгінде 1400-ге жуық бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында жол қауіпсіздігіне тоқталып, заң бұзатын жүргізушілер жайында айтты.
− Көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет, − деді.
ЖКО неге күрт өсті? Жол-көлік оқиғаларының 2024 жылдан бастап екі есеге жуық өсуін бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес. Десе де сәл таразылап көрелік. Біріншіден, кейінгі жылдары елде автокөлік саны күрт артты. Қалалардағы жол желісі мен инфрақұрылым бұл өсімге дайын болмағандай. Көлік көбейген сайын қозғалыс тығыздалып, қателікке жол беретін жағдайлар да еселене түсті. Екіншіден, 2024 жылы жол қозғалысын бақылаудың цифрлық құралдары кеңінен енгізілді. Бұған дейін тіркелмеген немесе көзден тасада қалған көптеген құқық бұзушылық ресми статистикаға ене бастады. Яғни бақылаудың күшеюінен нақты дерек пайда болды. Үшіншіден, жүргізушілердің жауапкершілік мәдениеті әлі де өзекті мәселе. Жылдамдықты асыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау, масаң күйде көлік жүргізу секілді өрескел заңбұзушылықтар азаймай отыр. Бұл мәселе жөнінде қала тұрғындары жиі сөз қозғап, алаңдаушылық білдіреді. Себебі көшелердегі келеңсіз жағдайлар тек темір тұлпарға ғана емес, төрт дөңгелекке сеніп отырған жүргізуші мен жолаушыға, тіпті тасада тұрған жаяу жүргіншіге де қауіп төндіреді.
Өңірлер арасындағы жол-көлік оқиғаларының айырмашылығына географиялық, инфрақұрылымдық және адами факторлар әсер етеді. Ірі қалаларда, әсіресе Алматы мен Астанада, жол апаттарының көп тіркелуі көлік тығыздығымен байланысты. Мұнда жоғары жылдамдықтан гөрі үздіксіз қозғалыс, асығыстық пен агрессивті жүргізу қауіп төндіреді. Ал Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстары секілді өңірлер транзиттік аймақ саналады. Бұл жерлер арқылы күн сайын мыңдаған жеңіл және ауыр жүк көлігі өтеді. Ұзақ жол, шаршау, қарсы жолаққа шығу секілді факторлар адам шығынына әкелетін апаттардың жиілеуінің бір себебі.
Расымен, жылдамдықты арттыру, мас күйде көлік жүргізу, жаяу жүргіншілердің жолды тиісті емес жерден кесіп өтуі ЖКО жағдайының жиі орын алуына әсер етеді. Еліміздің бас прокуроры Берік Асылов та жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау екенін айтады. Бұдан бөлек, автомобиль жолдарында белгіленген нормаларға сәйкес келмейтін рұқсатсыз шығу жолдарын, қиылыстар мен қосылуларды салу да апатқа әкелетін фактордың бірі. Сондай-ақ ауыр жол-көлік оқиғаларының біршама бөлігі қалалараралық такси ретінде пайдаланылатын, оң жақты рульмен басқарылатын минивэндерде орын алуда. Қауіпсіздік жайында жазғанда деннің саулығы бірінші орында. Десе де медициналық көрсетілімдерге байланысты көлік құралын басқаруға болмайтын азаматтар да көлік тізгіндеп жүр. Мысалы Абай облысының Үржар ауданында эпилепсия дерті бар жүргізуші ұстама салдарынан 6 баланы қағып, 4-і қаза тауып, 2-і жарақат алды. Ресми дерекке сүйенсек, басқа да апатқа кінәлі жүргізушілердің 81%-ы бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған көрінеді. Мәселен, ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзған. Ал оның 13-і – жылдамдықты арттыру фактісі. Тіпті қарсы жолаққа шығып, салдарынан өзі және екі жолаушы қаза тапқан. Тағы бір жағдайда жүргізуші кейінгі екі жылда 72 рет жол қозғалысы ережесін бұзған, оның ішінде 2025 жылы жылдамдықты арттырғаны үшін 30 рет жауапкершілікке тартылған. Заңға бағынбаған азаматтың мұндай әрекетінің салдары жаяу жүргіншінің өліміне әкелді. Өкінішті…
Жол қателікті кешірмейді. Айтарымыз осы.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
