Вокзалдың күту бекеті екеніне күн сайын көзіміз жетеді. Алыстан келер жақын-жуықты ғана емес, жүрдек пойызды да төзім тағатын тауысып күтуге тура келеді. Ығы-жығы адамның арасында түйілген жүгін түгендеп отырғанда пойыздың кешігуі зығырданды қайнатады. Діттеген жеріне діңкесі құрып жеткендіктен де дегбірі қашады. Билет алудың өзі мұң. Таусылғанын естіп тауы шағылған жұрттың алыпсатарларға күні түседі. Осылайша дәмеленген делдалдар дегеніне жетеді. Бірақ талай жолаушы билет тапшы болғанымен, бос орынды көріп бас шайқаған. Орнына жайғасқанымен, жасалмаған жағдай көңілді сүреңсіз ететіні сөзсіз. Әйтеуір теміржолға келгенде толассыз мәселенің тіні тарқап, шағым да шегінен асады. Айтпақшы Румынияда пойыз он минут кешіксе, жолаушылар қол соғып қуанатын көрінеді. Өйткені, Румынияда пойыздың он минут емес, бір-екі сағат кешігіп келуі қалыпты жағдай екен. Біз де осындай халге жеттік. Кешігуді көзге ілгемегенде де сөз ететін мәселе көп.

Билет қамданғанның қалтасында

Оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Өзге қалада оқитын студенттер билетті ерте алмаса алыпсатардың қолына қарап қалады. Ал мұндай сарсаңға түскісі келмейтіндер уақытын үнемдеп ұшаққа отырады. Бірақ халықтың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеевтің айтуынша, Ұлттық тасымалдаушы компа­ния халықтың сұранысын қанағаттандыра отырып, «Күту парағы» қызметін іске асырып келеді. 

–Билет болмаған жағдайда жолаушы кезекке 7 күннен ерте емес және пойыз жөнелтілгенге дейін 2 сағаттан кешіктірмей тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде жолаушы жеке кабинетте орындарды сатып алу қажеттілігі туралы ақпаратты, сондай-ақ SMS хабарлама алады. Бұл қызмет bilet.railways.kz сайтында жұмыс істейді, сондай-ақ оны билет кассасында пайдалануға болады. Жолаушылар пойыз­дарына жол жүру құжаттарын алдын ала сату бұрын түсіндірілгендей, пойызды қалып­тастыру және оның айналымы стансаларынан жүзеге асырылады, – дейді ол.

Баға бағамы немесе ескінің сарқыншағы

Жолаушылардың теміржол десе жүйкесі жүндей түтіледі. Себебі вагонның жөнді жабдықталмауы сапаға сын тағуға тағы бір себеп. Кеңес кезінен қалдырап қалған вагон іші жазда қапырық болатыны белгілі. Тозығы жеткен рельстің де жолдан тайқып, апаттың апанына апаратыны да содан. Әлсін-әлсін тоқтаса тасбақаның жүрісінен баяу болмағанда несі қалды? Сондықтан құр сүлдерін сүйретіп жүрген вагонды жаңарту жайын қарастырған абзал. Иә, салқындатқыштан жел есіп, қуаттағыш тоғына дейін қамтамасыз етілген вагондар жоқ емес. Десе де жағдайы келіскен сайын бағасы аспандай түседі. Сондықтан тозығы жеткенді жаңартап, ортақ бағаға ойысқан жолаушыға жеңіл болар еді. Әйтпесе баяу жүрістен маңызды кездесуін кейінге қалдырып, уақытын шығындап жатқанның шағымы көп. «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ санада салмақтанан сұраққа жауап берді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жыл сайын жолаушылар вагондары паркін жаңартып отырады. 2010 жылдан 2021 жылға дейін 1100-ден астам вагон, оның ішінде 600-ден астам Talgo вагондары сатып алынды. Биыл 73 жаңа вагон сатып алу жоспарлануда.

2024-2029 жж 500-ден астам жоғары технологиялық вагондар сатып алу жоспарлануда, олар ауа баптау жүйесімен, экологиялық таза дәретхана кешендерімен, электр розеткаларымен, USB порттарымен, бейнебақылау камераларымен және т.б жабдықталған, – деді.

Жоспар бойынша бәрі жүйелі. Игілігін көруге иек артқан жұрттың жаны жай тапса болғаны. Әйтпесе жоқ жерден ілік іздеп, шүйлігуге ешкім құлықты емес.

–Әлгінде ғана жаңа пойызға міндім. Жағдайы жөнді. Әйтпесе алдыңғысында жүгімді қоятын жер таппай әуреге түстім. Студент болғандықтан кейде қысқы киімді қоса алып кетемін. Арнайы орынға шабаданым сыймай қиналатыным бар. Тіпті кейде билет тапшы деп, орналасқан соң орынның көптігін көріп таңқалатынмын. Содан кейін билетті ертерек өзіме ыңғайлы вагоннан онлайн түрде алып жүрмін. Қазір билет бағасы да қымбаттады ғой, – деді Ж.Мұқан.

Иә, пойыз билеттері биылдың 7%-ға өскен. Әуелгіде басталған жеңілдікте де жүйе үзілген.

Өткен жылы динамикалық баға белгілеу тарифін енгізген едік. Жолаушыларымызға билетті ерте сатып алуға мүмкіндік бердік. Бізде билеттерді сату 45 күн бұрын басталады. Егер азамат билетті сатылым ашылғаннан күннен бастап 10 күн ішінде сатып алса, оған 25 пайыз жеңілдік жасалды. Ал егер билет жол жүруге аз күн қалғанда сатып алынса, онда билет керісінше 25%-ға қымбатқа сатылды. Мұндай тариф былтыр 1 маусымға дейін болды. Өте ыңғайлы жүйе болғандықтан, адамдар билетті жеңілдікпен ертерек сатып ала бастады, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы  Жәнібек Тайжанов.

Депутат делдалдарға қатысты не дейді?

Қолдан тапшылық туындататын әккі алыпсатарлар жұртты жарылқауға әуес. Жаны ашығаннан емес, қалтасын қалыңдату үшін, әрине. Баруына тапқанымен, қайтарына билет таппай дал болатындар тағы бар.

–Темір жол саласында тәртіп жоқ. Жылдағы әуен – барлық бағытқа билет жоқ. Вокзалға барсаң, билетті қымбат бағамен делдалдардан сатып аласың. Оған көнбесең, коммерциялық кассадан бәрібір комиссиясы үшін тағы қымбат билет алуға мәжбүрсің. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрін» келтіргендерге ешбір тыйым жоқ. Айналып келген кезде жұрт жемқорлықтың салдарын тартып отыр. Бір адамдар байып, халық жалаңаштанып жатыр. «Аманат» партиясына, депутаттарға да жолаушылар тарапынан жиі арыз-шағым келеді», – дейді ол. 

Сондықтан жемқорлық жайлаған жолаушылар тасымалын бір жүйеге келтіріп, құзырлы орындардың іске кірісу керегін тілге тиек етті.

–Қазір техниканың да мүмкіндігі зор. Қайта-қайта бір төлқұжатпен көп билет алынса, анықтап тексерілу керек. Алып­сатарлар мен жекеменшік кассалардағы заңсыз әрекеттерге бақылау жасауды ретке келтірген жөн. Әйтпегенде қазір «Жолау­шылар тасымалы» АҚ-ның жекеменшік кассаларды тексеруге құзыреті жоқ. Өйткені мораторий бар. Оларды тексерсе заңсыз екенін айтып, өздерінің үстінен арызданады. Қазір осы мүмкіндікті жекеменшік кассалар молынан пайда­ла­нып, беталды жұмыс істеп жатыр. Мысалы, вокзал кассаларында билет бағасын қымбат сатуға болмайды. Сондықтан олар өзара келісіп, билеттерді жекеменшік кас­саға өткізеді. Вокзалға барсаң, делдалдар өз аттарына алынған билеттерін сатып басқа адамның атына аударып, сауданың көрігін қыздырып жүр. Халық амал жоқ алады. Ұшақ билеті одан да аспандап тұр, – дейді Қайрат Балабиев. 

Түйіндей келе, жүрдек пойызда жүйе болғаны ләзім. Қара жолда болатын қайғылы оқиға көбеймей, жолаушы төзімі түгесілмесін.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!