Солтүстік Қазақстан облысында бағаны келісе отырып негізсіз қымбаттатқан екі құс фабрикасына жалпы сомасы 9,2 млн теңге айыппұлы салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде монополияға қарсы орган өткен жарты жылдықтағы жұмысын қорытындылады. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының орынбасары Аслан Әліппаевтың айтуынша, осы аралықта құс фабрикаларына қатысты екі тергеуді аяқтады. Олар тауық жұмыртқасының көтерме бағасын келісіммен негізсіз көтерген.

Сот шешімімен екі кәсіпорын жауапкершілікке тартылып, 9,2 млн теңге айыппұл салынды, бұл ақша толық көлемде бюджетке түсті. Өткен жылдың мамыр айында сот шешімімен бұл екі құс фабрикасы бағаны көтергені үшін айыппұл төледі. Ол ескеріліп, салынған айыппұл көлеміне әсер етті.

Сондай-ақ құс фабрикалары заң бұзушылықтарды жою бойынша нұсқамаларды орындап, жұмыртқаның бағасын «Адель Құс» ЖШС орта есеппен 20%, «Алекри Фирма» ЖШС 15% арзандады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!