Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте азық-түлік бағасының шарықтап жатқанын айтып, шешуді тапсырды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Президенттің айтуынша, елімізде соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсімі байқалған.

“Ағымдағы жылдың ақпан айында инфляция 21,3%-ды құрап, шарықтау шегіне жетті. Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады”,- деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар еліміздегі өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейтінін сол үшін импортқа тәуелді екенімізді айтты.

«Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында.  Нарықты отандық өніммен толтыру, олардың өндірістік факторларының өзіндік құнын төмендету мәселесіне жалған уәдесіз, жан-жақты, ойластырылған түрде қарау керек. Өндірістен сатуға дейінгі бүкіл тізбекті аралап, бағаның өсу себебін анықтау керек.

Агроөнеркәсіп кешенін басқарудың қазіргі үлгісі саланың әлеуетін аша алмайды. Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр»,- деді президент. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!