Фото: Esi Grünhagen

Sputnik. 2024 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі ұйымдарда 77 мыңнан астам жаңа орын ашылады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

«Биылдың өзінде балабақшаларда 77 мыңнан астам орын ашылады деп жоспарлануда», – делінген хабарламада.

Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаменті директоры Манар Адамованың айтуынша, 2024 жылдың үш айында 8849 орынға арналған 125 мектепке дейінгі ұйым ашылды.

«Соңғы бес жылда балабақшаға жолдама алудың кезектілігі екі есеге төмендетілді. Бүгінгі таңда 2-6 жастағы балаларды қамту 91% құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 92,5%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Манар Адамова.

Сонымен қатар балабақшаларда орындарды бөлу процесінің ашықтығы үшін кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы құрылды. Өтінішті электронды үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары және жергілікті атқарушы органдардың платформалары арқылы беру сияқты бірнеше тәсілдермен жүзеге асыру мүмкіндіктері іске қосылды. Қазір жоба еліміздің төрт өңірінде жүргізілуде.

Жалпы елімізде 11 472 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 миллионға жуық бала қамтылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!