Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен оның отбасының әуе флоты жаңа VIP-класс Boeing 737-700 ұшағымен толықты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Мәліметке сәйкес, ұшақ 2023 жылдың соңында Ашхабадтан АҚШ-тың Луизиана штатындағы Лейк-Чарльз қаласына жөнелтіліп, онда Citadel Completions компаниясы оны люкс деңгейіндегі «ұшатын сарайға» айналдырған.

Интерьері түркімендік ұлттық стильде безендірілген: салонда қолмен тоқылған кілемдер, ахалтеке жылқыларының мүсіндері, ал төбесі мен қабырғалары киіз үй өрнектерімен әшекейленген. Туалет бөлмесіне алтын жалатылған раковина мен Оғузхан жұлдыздары бейнеленген айна орнатылған.

Ұшақтың нақты құны жарияланбағанымен, мамандардың айтуынша, мұндай жоба шамамен 140 миллион долларға дейін бағалануы мүмкін.

Бұған дейін Бердімұхамедовтар отбасы бірнеше мәрте VIP ұшақ сатып алған.

2008 жылы Гурбангулы Бердімұхамедов Boeing 737-700 ұшағын 55 млн долларға сатып алып, оны қайта жабдықтауға қосымша 21 млн доллар жұмсаған.

2017 жылы тағы бір ұшаққа 32 млн доллар бөлінген.

Қазір Бердімұхамедовтар отбасының иелігінде бес люкс ұшақ бар: екі Boeing 777 және үш Boeing 737.

Бұл ұшақтар тек президент Сердар Бердімұхамедов пен оның әкесі, Халық Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке ғана емес, отбасы мүшелері — Керімгулы Бердімұхамедов пен Огулджаһан Атабаеваға да қызмет көрсететіні айтылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!