Оңтүстік Кореяда алапат орман өрті болып, жалын 17 мың гектар аумақты шарпыды. Соңғы мәліметтер бойынша, 26 адам қаза тапты, олардың арасында тікұшақ ұшқышы да бар, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы жергілікті БАҚ-қа сілтеп.
Өртпен күрес бес күннен бері жалғасып жатыр. Күшті желдің әсерінен жалын тұрғын үйлер орналасқан аймақтарға тез тарады. Салдарынан 27 мың адам шұғыл эвакуацияланды, сондай-ақ билік жүздеген тұтқынды түрмеден шығаруға мәжбүр болды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 200-ден астам үй өртеніп, 1300 жылдан астам тарихы бар Гунс будда ғибадатханасы жойылды. Өртті сөндіруге 9 мыңнан астам өрт сөндіруші, құтқарушы және әскерилер жұмылдырылды. 500-ден астам арнайы техника мен тікұшақтар қолданылып жатыр. Алайда тікұшақ апатынан кейін билік жанып жатқан аумақтардың үстімен ұшуға тыйым салды.
Өрттің жылдам таралуына құрғақ ауа райы мен қатты жел себеп болды. Қазіргі таңда үш өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.
“Еліміз тарихтағы ең алапат өртке тап болды. Егер жақын арада өртті жоя алмасақ, үлкен мәселелерге кезігеміз. Жалын басқа аумақтарға жайылып кетсе, оны сөндіруге ресурстар жеткіліксіз болуы мүмкін”, – деп мәлімдеді Корея Республикасының президентінің міндетін атқарушы Хан Док Су.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!