KAZINFORM – Сингапурлық Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Қытайдың Гуандун провинциясының Шаньтоу қаласының Чаонань ауданындағы төрт қабатты жеке тұрғын үйде 9 желтоқсан күні түнде өрт шығып, тілсіз жау 12 адамның өмірін жалмаған.

Басылымның жазуынша, қаза тапқандар бір әулеттің мүшелері болып шыққан. Олардың сегізі оқиға орнында көз жұмса, төртеуі ауруханада жан тапсырған. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталып жатыр.

Қайғылы жағдай Қытай қоғамында резонанс тудырып, айтарлықтай пікірталасқа мұрындық болды. Билік, БАҚ және қоғам назары бірден бірнеше мәселеге – жеке тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздік талабының сақталмауы, оқиғада қылмыстық құрамның болмауы, өрттің алдын алу бойынша насихат жұмыстарының дәрменсіздігі сияқты өзекжарды мәселелерге шоғырланды. Әсіресе бір әулеттегі төрт буынның толықтай ажал құшуы қоғам мүшелерінің жаппай жанашырлығын тудырып, бірқатар әлеуметтік, этикалық мәселе талқыға салынуына түрткі болды. Әлеуметтік желідегі пікірталас есік-терезеге орнатылатын темір торлар мен жеке үйлерге бақылаудың жетіспеушілігі төңірегінде өрбіп, өрт қауіпсіздігі бойынша алдын-ала тексерудің әлсіздігі баса айтылды.

Қайғылы оқиғаның қайталанбауын тілей отырып, Kazinform тілшісі өткен елу жылда Қытайда болған ірі өрт апаттарына шолу жасап көрді.

Алмалы клубындағы өрт. Өрт 1977 жылғы 18 ақпан түнгі шамамен 22:00-де ШҰАР Іле аймағының Қорғас ауданының Алмалы өңіріне ірге тепкен Іле Тың және тыңайған жерлерді игеру басқармасының 61-ші полкінің (қазір Шыңжаң өндіріс-құрылыс корпусы Төртінші дивизиясының 61-ші полкі аталады) клубында болған.

Өртке 12 жастағы ойын баласының фильм аяқталуға таяғанда «отпен ойнауы» себеп болған. Балақай шағын фейерверкті тұтатып, оны клубтың дәлізіне тастаған. Соның салдарынан залдың бұрышында үйіліп тұрған гүл шеңберлері өртене бастайды. Қағаздан жасалған гүл шеңберлері Қытай көсемі Мао Цзэдунның қазасына орай дайындалып, тиісті рәсімдерден кейін дер кезінде тазартылмай, шаң басып тұрған еді. Өрт лезде өршіп, залды қызыл жалын шарпиды.

Клубта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, есік-терезелер сыртынан бекітіліп, тек жан есік қана ашық қалдырылған еді. Тосын өрттен есі шыққан көрермендер жапа-тармағай жан есікке лап қояды. Алайда адам көп, есік тар болғандықтан, көпшілігі қашып шығуға үлгере алмайды.

Өрт 694 адамның өмірін қияды, денесін күйік шалған 161 адам мүгедек болып қалады. Өрт құрбандарының басым көпшілігі (500-ден астам) – мектеп оқушылары. Бұл өрт ҚХР тарихындағы ең көп адам шығынына әкелген қайғылы жағдай ретінде есте қалды.

Үлкен Хинган орман өрті. 1987 жылдың 6 мамырынан 2 маусымына дейін Қытайдың Хэйлунцзян провинциясындағы Үлкен Хинган аймағында болған орман өрті ҚХР тарихындағы ең ірі орман өрті ретінде белгілі. Ресми дерек бойынша, өрт орман-тоғайды ғана емес, кенттер мен елді мекендерді, тұрғын үйлер мен ағаш қоймаларын, теміржол станцияларын қоса жалмаған. Өртте 193 адам қаза тауып, 226 адам жараланған. Өрт Үлкен Хинган аймағындағы төрт бірдей орман шаруашылығына жайылған. Тілсіз жаудың тікелей себебі ретінде орман қызметкерінің бұта шырпитын машинаны іске қосуы кезінде жерге төгілген бензиннің тұтануы айтылады. Кей зерттеулерде орманды аймақтағы өрт қауіпсіздігіне жеткілікті назар бөлінбеуі және өрттің алдын алу, сөндіру бойынша жүйелі дайындықтың болмауы, сондай-ақ өртті сөндіру кезіндегі өрескел бюрократиялық салғырттық та орман өртін ұлғайтқан басты себептер ретінде аталады.

Фусинь қаласының Июань би залындағы өрт. 1994 жылы 27 қараша күні сағат 13:28-де Ляонин провинциясының Фусинь қаласындағы Июань би залында болған өрттің салдарынан 233 адам қаза тауып, 20 адам түрліше деңгейде жарақат алады.

Өрт темекі тұқылы түскен газеттің жануынан шыққан. №3 бөлмеден басталған өрт дер кезінде сөндірілмей, көзді ашып-жұмғанша лаулап сала береді. Залда адам саны шектен тыс көп, ал қауіпсіздік есіктері тар әрі бітеу болғандықтан, эвакуациялау шарасы сәтсіз аяқталады.

Қарамайлы қаласының Достық сарайындағы өрт. 1994 жылы 8 желтоқсан күні ШҰАР Қарамайлы қаласындағы Достық сарайында тоғыз жылдық міндетті білім және сауатсыздықпен күрес бойынша қол жеткен нәтижелерді тексеруге келген жұмыс тобының құрметіне арналған әдеби-музыкалық кеш өтеді. Оған қаладағы он шақты мектептің оқушылары мен мұғалімдері, тиісті мекемелердің қызметкерлері қатысады.

Шара кезінде сахнадағы жарық прожекторы маңайындағы матаны күйдіріп, лап ете түскен от лезде пердеге тұтанады. Ізінше өрт жылдам өршіп, залды қара түтін қаптайды. Мұғалімдер оқушыларды эвакуациялауға тырысқанмен, залдағы төтенше жағдайға арналған 8 қауіпсіздік есігінің тек біреуі ғана ашық еді. Лаулаған жалын, қою түтін, улы газ және жан ұшырған үрей, ең бастысы эвакуациялаудың тәртіпсіз ұйымдастырылуынан тілсіз жау ауыр шығын әкеледі. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жетіп үлгергенмен, қызыл өрттен 325 адам қаза тауып, 130 адам күйіп жараланады. Қаза тапқандардың 288-і – мектеп оқушысы.

Лоян қаласының Дунду сауда орталығындағы өрт. 2000 жылғы 25 желтоқсан күні 21:35-те Хэнань провинциясының Лоян қаласындағы Дунду сауда орталығында ірі өрт болды. Апат салдарынан 309 қаза тауып, 7 адам жараланды.

Өртке дүкен қызметкерлерінің ешқандай қауіпсіздік шарасын қолданбастан дәнекерлеу жұмыстарын жүргізгені себеп болған. Дәнекерлеу ұшқындары жертөленің екінші қабатындағы барқыт маталарға түсіп, от шыққан. Ал дүкен қызметкерлері оны дер кезінде хабарламай, оқиға орнынан тайып тұрған. Сауда орталығының бас менеджері мен өзге қызметкерлері де төртінші қабаттағы ойын-сауық алаңына ескертпестен сытылып шыққан. Төрт баспалдақтың үшеуі темір тормен бекітіліп, ал қалған біреуі өртке оранғандықтан, ойын-сауық алаңындағы адамдардың көпшілігі қашып шыға алмай, 309 адам улы түтінге тұншығып, жан тапсырған.

Цзилинь қаласының Чжунбай сауда орталығындағы өрт. 2004 жылғы 15 ақпанда Цзилинь провинциясының Цзилинь қаласындағы Чжунбай сауда орталығы отқа оранады. Өртке тұрмыстық техникалар дүкеніндегі қызметкердің қоймада шылым шегуі себеп болған. Ал қойма күзетшілері өртті байқай сала қашып кеткен, салдарынан жұртшылықты уақтылы эвакуациялау мүмкін болмай, 54 адам көз жұмып, 70-тен астам адам жарақат алады.

Шахэ қаласының Чжанцунь теміртас кенішіндегі өрт. 2004 жылғы 20 қараша күні таңғы сағат 3 шамасында Хэбэй провинциясының Шахэ қаласының Чжанцунь ауылындағы №1 кен орнында жұмысшылардың электр дәнекерді ережеге сай пайдаланбауынан айналадағы ағаш заттары тұтанып, өрт шығады. Кеншілер бұған дейін қазу жұмыстарын рұқсат етілген аумақтан тыс заңсыз жүргізіп келгендіктен және шахтаның жобасында эвакуациялық жол қарастырылмағандықтан, қызыл жалын жылдам ұлғайып, көршілес төрт шахтаны шарпыған. Оқиғада 70 кенші жан тапсырды.

Ляоюань қаласының орталық ауруханасындағы өрт. 2005 жылы 15 желтоқсан күні сағат 16:30 шамасында Цзилинь провинциясының Ляоюань қаласындағы ең ірі медициналық мекеме – Орталық ауруханада өрт болып, 39 адам қазаға ұшырады. 210 адам түрліше деңгейде жарақат алды.

Апаттың тікелей себебі — аурухананың коммутациялық бөлмесіндегі электр сымының қысқа тұйықталуынан жанғыш заттардың тұтануы. Сонымен қатар электр жүйесін жаңарту жұмыстарының сапасыз жүргізілуі, пайдаланылған кабелдердің талапқа сай болмауы, өрттің кеш хабарлануы, сөндіру жұмыстарының кешігіп басталуы және өрт қауіпсіздігі талаптарының дұрыс орындалмауы да апаттың негізгі себептері ретінде аталады.

Шэньчжэнь қаласының Уван клубындағы өрт. 2008 жылғы 20 қыркүйек күні 23:00 шамасында Қытайдағы экономикалық реформалардың көшбасшысы атанған Шэньчжэнь қаласының Лунган ауданындағы Уван клубында шыққан өрттен 43 адам қаза тауып, 88 адам жараланды.

Кейін анықталғандай, клуб тіркелмеген заңсыз ойын-сауық орталығы екен, онда өрт қауіпсіздігі талаптары өрескел бұзылған. Сол түні клубта жүздеген адам болған. Қайғылы оқиғаға сахнада атылған фейерверктің ұшқынының төбеге орнатылған полиуретан плиткасын тұтандыруы себеп болған. Сондай-ақ клубтың ішкі сәулетіне жанғыш заттар шектен тыс көп қолданылған. Олар жанған кезде көп мөлшерде улы газ бөлінген. Ал төтенше жағдайға арналған ені 10 метрге таяу дәлізде бас саулаған адамдар бастырылып, орны толмас қасіретке ұласқан.

Шанхай қаласының Цзинъан ауданындағы өрт. 2010 жылғы 15 қарашада Шанхай қаласының Цзинъан ауданындағы Цзяочжоу жолында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірі өртке оранады, салдарынан 58 адам қаза тауып, 71 адам жараланады. Сол күндері ғимаратта Цзинъан аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен энергия үнемдеу бойынша жаңғырту-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Тергеу нәтижесі көрсеткендей, апаттың тікелей себебі, жұмысшылар оныншы қабатта рұқсатсыз дәнекерлеу жұмысын жүргізіп, салдарынан полиуретаннан жасалған жылу оқшаулағыш тұтанған.

Тяньцзинь қаласының Биньхай ауданындағы жарылыс. 2015 жылдың 12 тамызында, сағат 22:51-да Тяньцзинь қаласының Биньхай ауданындағы Тяньцзинь портында орналасқан Жуихай компаниясының қауіпті заттар қоймасынан өрт шығып, соңы алапат жарылысқа ұласады. Кейін белгілі болғандай, жарылыстың қуаты шамамен 450 тонна тротил эквивалентіне тең болған. Апаттан 165 адам қаза тауып (оның ішінде полицияның өрт сөндіруші бөлімнің 24 жауынгері, порттың өрт сөндірушілер тобының 75 қызметкері, 11 полиция қызметкері, сондай-ақ жақын маңда тұратын 55 тұрғын), 8 адам із-тозсыз жоғалған, 798 адам жараланған, 304 ғимарат, 12,428 автокөлік, 7,533 контейнерге зақым келген.

Аньян қаласының зауыт үйіндегі өрт. 2022 жылы 21 қараша күні Хэнань провинциясының Аньян қаласының Уэньфэн ауданындағы Кайсиньда сауда компаниясының өндірістік ғимаратында болған өрттен 42 адам қаза тауып, 2 адам жараланған.

Тілсіз жау 16:22-де тұтанып, 20:00-да толық бақылауға алынады. Ресми деректерге сәйкес, өрттің себебі — ғимараттың бірінші қабатындағы қоймада рұқсатсыз жүргізілген дәнекерлеу жұмыстары кезінде от ұшқынының мақта мамығын тұтандыруы. Ізінше цехта үйіліп тұрған маталар қызыл жалынға оранады. Қою улы түтіннен екінші қабаттағы жұмысшылар да тұншығып қаза табады.

Синьюй қаласындағы дүкен өрті. 2024 жылғы 24 қаңтар күні сағат 15:24-те Цзянси провинциясы Синьюй қаласының Юйшуй ауданындағы Цзялеюань кешенінің жертөлесіндегі дүкендердің бірінде өрт шығады. Бұл жағдай дүкеннің тоңазытқыш қоймасын жөндеу кезінде жұмысшылардың ашық от пайдалануынан болған. Өрт кезінде қою түтін баспалдақ дәлізі арқылы екінші қабаттағы оқу орталығы мен қонақүйге жайылып, сол күні ғимаратта болған колледж студенттері мен қонақүй клиенттері қамалып қалады. Синьюй қалалық өрт сөндіру қызметі оқиға орнына 118 құтқарушы жіберді. Өрттен 39 адам қаза тапты, олардың арасында колледж студенттері де бар.

Қайғылы оқиғалар экономиканың жылдам өсіміне қарамастан Қытайдың өндірістік қауіпсіздік жүйесінде орын тепкен олқылықтардың аз емес екенін көрсетеді. Заңсыз жұмыс, ережесіз тәуекел, дабылсыз жүйе және салғырттық пен жауапкерсіздік кезкелген сәтте сансыз адамның өмірін қиятын ірі апатқа әкелуі мүмкін. Бұл бізге де сабақ болуға тиіс.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!