Zakon.kz. Ирак парламенті жеке мәртебе туралы заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Сыншылардың пікірінше, жаңа заң жобасы іс жүзінде балалардың некесін заңдастырады.

CNN дерегінше, елдің қолданыстағы заңнамасы бойынша некеге тұрудың ең төменгі жасы – 18 жас. Алайда, жаңа түзетулер діни қызметкерлерге ислам құқығының өзіндік түсіндірмесін қолдануға мүмкіндік береді. Яғни, некеге жасөспірім кезден немесе тіпті 9 жастан бастап тұру мүмкіншілігі беріліп отыр.

Өзгерістерді жақтаушылар, соның ішінде шиит депутаттары түзетулер заңнаманы ислам дәстүрлеріне сәйкес келтіруге және батыс мәдениетінің Ирак қоғамына әсерін азайтуға көмектеседі дейді.

Бұл ретте, құқық қорғаушылар жаңа заңның ықтимал салдары туралы алаңдаушылық білдірді.

«Бұл өзгерістер әйелдер мен қыздардың құқықтарына үлкен зиян келтіреді. Ерте неке балалардың құқықтарын бұзады және ажырасу, қамқоршылық және мұрагерлік мәселелерінде әйелдерді қорғауға қауіп төндіреді», — деп атап өтті CNN-ге берген сұхбатында құқық қорғаушы және Ирак әйелдер Лигасының өкілі Интисар Әл-Маяли.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!