Фото: blueorigin.com

Халықаралық деңгейде ғарыш кеңістігінің шекарасы ретінде мойындалған Карман сызығынан алғаш рет мүгедектер арбасындағы адам ұшып өтті. Германияның 33 жастағы азаматы Михаэла (Мичи) Бентхаус Blue Origin компаниясының New Shepard бағдарламасы аясында ғарышқа сапар шеккен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Компанияның мәліметінше, 20 желтоқсанда Blue Origin 37-ші ұшуын сәтті жүзеге асырды.

«NS-37 миссиясы биылғы тоғызыншы ұшуымыз болды және 2026 жылдан бастап әрі қарай New Shepard ұшуларының санын арттыруға негіз қалайды. Бұл экипаж бүгінде ғарышқа ұша алатын адамдардың ауқымы мен алуан түрлілігін айқын көрсетеді: инженерлер мен ғалымдардан бастап, кәсіпкерлер, оқытушылар және әлемнің түкпір-түкпірінен келген инвесторларға дейін бар. Әрқайсысы өз көзқарасы мен зерттеуге деген құштарлығын ала келеді. Ал Мичидің ұшуының мәні айрықша – ол ғарыштың баршаға қолжетімді екенін дәлелдейді. Біз оған осы арманын жүзеге асыруға көмектескенімізді мақтан тұтамыз», – деді New Shepard бағдарламасының аға вице-президенті Фил Джойс.

Айта кетейік, New Shepard аппаратын жобалау кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері ескерілген. Кеме толықтай автономды және ұшыру алаңында лифтпен жабдықталған.

Аэроғарыштық техника мен мехатроника саласының инженері, Еуропалық ғарыш агенттігінде қызмет ететін Михаэла (Мичи) Бентхаус кәсіби жолын ғаламаралық зерттеулерді дамытуға бағытталған ғылыми ынтымақтастыққа арнаған. 2018 жылы ол тау велосипедімен серуендеу кезінде апатқа ұшырап, соның салдарынан жұлын жарақатын алған. Соған қарамастан, әйел спортпен айналысуды жалғастырып келеді, оның ішінде арбадағы тенниспен де шұғылданады.

Ұшу штаттық режимде өтті және 10 минут 26 секундқа созылды. Экипаж отырған капсула Жер бетінен 106 шақырым, ал теңіз деңгейінен 107 шақырым биіктікке дейін көтерілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!