Шанхайлық Synyi AI компаниясы Сауд Арабиясында әлемдегі алғашқы клиниканы іске қосты, онда жасанды интеллект (ЖИ) пациенттерді өз бетінше тексеріп, диагноз қойып, рецепт жазып береді. Бұл туралы Bloomberg-ке сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Пациенттерді Dr. Hua есімді ЖИ-дәрігер қабылдайды: ол планшет арқылы шағымдарды жинап, медициналық көрсеткіштерді талдайды және емдеу жоспарын ұсынады. Бұл жоспарды кейін тірі дәрігер тексереді, ал оқыс жағдайларда өзі араласады.

Бұл — ЖИ-дың пациенттерді тікелей диагностикалап, емдеуіне жол ашатын соңғы қадам. Бұған дейінгі сынақ кезеңінде ЖИ-дың қателік деңгейі 0,3 пайыздан төмен болды, – дейді Synyi AI компаниясының бас директоры Чжан Шаодянь.

Қазіргі уақытта Dr. Hua 30 тыныс алу жолдары ауруымен жұмыс істеп жатыр, бірақ болашақта бұл санды 50-ге дейін арттырып, жаңа клиникалар ашу жоспарлануда.

Ондаған пациент бұл қызметті қазірдің өзінде тегін пайдаланып үлгерді. Сынақтар аяқталған соң, диагностика нәтижелері Сауд Арабиясының билік органдарына мақұлдау үшін жіберіледі. Рұқсат келесі 18 ай ішінде берілуі мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!