фото: ашық дерекөздерден
Kursiv.media әлемдегі ең жүйрік 10 көлікке шолу жасады және олардың несімен таңғалдыратынын, қандай әлсіз тұстары бар екенін және басқа көліктерден қалай ерекшеленетінін анықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Эксклюзивті гиперкар және аэродинамикалық дизайн
McLaren Speedtail нарыққа 2020 жылы шығарылды. Максималды жылдамдығы сағатына 403 шақырым.Жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейін 3,0 секундта арттырады. Қозғалтқышы – 4.0 литрлі гибрид V8 және электрмотор, жалпы 1050 а.к. тең.
Ерекшелігі: Speedtail бұл McLaren тарихындағы ең жылдам автокөлік. Жүргізуші орындығы F1 моделіндегі сияқты орталықта орналасқан. Аэродинамикасы мінсіз: көзге көрінбейтін артқы айналар (камерамен ауыстырылған) бар, корпусы тамшы тәрізді.
Өзгешелігі: Басқа гиперкарлардан айырмашылығы – бұл трекке емес, әдеттегі жолда жүретін көлік.
Кемшілігі: Белсенді аэродинамиканың болмауы және өте жоғары баға (2,2 млн доллар). Барлығы 106 дана ғана жасалды.
490 км/сағ жылдамдықпен тарихта қалған модель
Bugatti Chiron Super Sport 300+ көлігі. Нарыққа 2019 жылы шығарылды. Максималды жылдамдығы сынақ кезінде сағатына 490,5 шақырымға жеткен, ал жолда жүретін нұсқасы 440 км/сағ жылдамдықпен шектелген. Жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейін небәрі 2,4 секундта арттырады. Қозғалтқышы – 8.0 литрлі W16, қуаты 1600 ат күшіне тең.
Ерекшелігі: Сағатына 480 шақырымнан жоғары жылдамдыққа жеткен алғашқы сериялық автокөлік. Ұзартылған корпус тұрақтылықты арттырады. Бұл модельге арнайы Michelin дөңгелектері әзірленген.
Өзгешелігі: Chiron Super Sport 300+ көлігінде – беріліс қорабы, салқындату жүйесі мен аэродинамикасы қайта жасалған.
Кемшілігі: Тек 30 дана шығарылды. Авто ұзын болғандықтан көлікті бұрылыстарда басқару қиын.
Швед инженериясының жылдамдық шыңы
Бұл Koenigsegg Jesko Absolut сипаттамасы. Нарыққа 2020 жылы таныстырылды, жеткізуі 2022 жылдан басталды. Теориялық максималды жылдамдығы сағатына 530 шақырымға дейін. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа шамамен 2,5 секундта жетеді. Қозғалтқышы – 5.0 литрлі қос турбо V8, қуаты 1600 ат күшіне тең.
Ерекшелігі: Koenigsegg-тің тек жылдамдық үшін жасалған соңғы моделі. Минималды аэродинамикалық кедергі. Жеңіл беріліс қорабы – Light Speed Transmission.
Өзгешелігі: Jesko Attack трек нұсқасына қарама-қарсысы әзірленген. Бұрылыста емес, түзу жолда ғана максималды жылдамдыққа жетуге бағдарланған.
Кемшілігі: Жылдамдығы теориялық түрде дәлелденген, нақты рекорд орнатылмаған.
Америкалық гиперкар және жоғары жылдамдыққа ұмтылыс
Бұл SSC Tuatara көлігі. Нарыққа 2020 жылы шығарылды. Ресми түрде GPS арқылы расталған максималды жылдамдығы – 455,3 км/сағ. 100 км/сағ жылдамдыққа шамамен 2,5 секундта үдейді. Қозғалтқышы – 5.9 литрлі V8, E85 отынымен жүргенде 1750 ат күшіне дейін қуат өндіреді.
Ерекшелігі: Америкада жасалған гиперкар, аэродинамикасы өте төмен (Cd – 0,279). Көміртекті талшықтан жасалған жеңіл корпус.
Өзгешелігі: Салмағы небәрі 1247 келі. Бұл гиперкар үшін өте аз.
Кемшілігі: GPS қатесіне байланысты алғашқы рекордқа жеткені дәлелденбеді. Қызмет көрсету желісі шектеулі.
Жол немесе трассаға емес, трекке арналған қуатты концепт-кар
Bugatti Veyron Super Sport – нарыққа 2010 жылы шығарылды. Максималды жылдамдығы – 431 км/сағ. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 2,5 секундта жетеді. Қозғалтқышы – 8.0 литрлі W16, қуаты 1200 ат күші.
Ерекшелігі: Өз уақытында абсолютті рекорд орнатқан. 4 турбина мен 2 салқындату жүйесі бар.
Өзгешелігі: Жылдамдық пен люксті үйлестірген алғашқы гиперкар болып есептеледі.
Кемшілігі: Қазіргі технологиялармен салыстырғанда ескірген. Қымбат күтім талап етеді.
Қолмен басқарылатын беріліс қорабы бар ең жылдам автокөлік
Нарыққа 2011 жылы шығарылды Hennessey Venom GT туралы да айта кету керек. Максималды жылдамдығы – 435 км/сағ. Жылдамдығын сағатына 100 шақырымға 2,7 секундта жеткізуге болады. Қозғалтқышы 7.0 литрлі қос турбо V8, қуаты 1244 ат күшіне тең.
Ерекшелігі: Lotus Exige платформасында жасалған, бірақ америкалық қозғалтқышпен жабдықталған. Өте жеңіл және шапшаң.
Айырмашылығы: Қолмен басқарылатын беріліс қорабы бар ең жылдам автокөлік. Нағыз механикалық «монстр».
Кемшілігі: «Сериялық» мәртебесі күмән тудырады — бар болғаны 13 дана шығарылған. Ыңғайлылық пен технологиялар минимум деңгейде.
Әлемдегі ең жылдам сериялық электрокар
Rimac Nevera нарыққа 2021 жылы шығарылды. Максималды жылдамдығы – 412 км/сағ. Сағатына 100 шақырымға дейін жылдамдыққа 1,85 секундта жетеді. Қуат көзі – төрт электрмотор, жалпы қуаты – 1914 ат күші.
Ерекшелігі: Әлемдегі ең жылдам сериялық электрокар. Әр дөңгелегі жеке басқарылады. Рекуперациялық жүйесі бірегей.
Айырмашылығы: 20-дан астам әлемдік рекордты жаңартты. Шу деңгейі төмен, отын жақпайды. Себебі электр қуатымен жүреді.
Кемшілігі: Бағасы өте жоғары (2 млн доллар), күнделікті жағдайларда қызмет көрсету қиын, тректе батарея тез таусылады.
Regera – жайлылық пен гиперқуат
Koenigsegg Regera нарыққа 2016 жылы шықты. Максималды жылдамдығы – 410 км/сағ. Сағатына 100 шақырымға дейін үдеуі – 2,8 секунд. Қозғалтқышы – 5.0 литрлі V8 және үш электрмотор, жалпы қуаты – 1500 ат күші.
Ерекшелігі: Кәдімгі беріліс қорабы жоқ ерекше трансмиссия. Қозғалтқыштың қуаты KDD жүйесі арқылы тікелей дөңгелектерге беріледі.
Айырмашылығы: Қуатына қарамастан, өте жайлы гиперкар. Толыққанды мультимедиалық жүйе мен климат-бақылаумен жабдықталған.
Кемшілігі: Қызмет көрсету қиын, саны шектеулі (80 дана ғана).
2000-жылдары рекорд орнатқан авто
SSC Ultimate Aero TT нарыққа 2007 жылы шықты. Максималды жылдамдығы — 412 км/сағ. Сағатына 100 шақырымға дейін үдеуі — 2,7 секунд. Қозғалтқышы — 6.3 литрлі V8, қуаты — 1183 ат күші.
Ерекшелігі: 2007 жылы Bugatti Veyron-ды басып озып, әлемдегі ең жылдам автокөлік атанды. Көміртекті талшық пен титаннан жасалған.
Айырмашылығы: Минималды жүргізуші көмек жүйелерімен жабдықталған, нағыз «олдскул» авто.
Кемшілігі: Басқарылуы әлсіз, салоны ескірген, Еуропада сертификатталмаған.
Тек трекке арналған экстремалды гиперкар
Bugatti Bolide 2021 жылы таныстырылды, алғашқы сатылым 2024 жылдан басталады. Теориялық максималды жылдамдығы – 500 км/сағ-тан асады. Сағатына 100 шақырымға дейін үдеуі – 2,2 секунд. Қозғалтқышы – 8.0 литрлі W16, қуаты – 1850 ат күші.
Ерекшелігі: Chiron негізінде жасалған, тек трекке арналған гиперавтомобиль. Салмағы небәрі 1240 келі.
Айырмашылығы: 40 данамен шектелген ультра-сирек үлгі. Автоспорт үшін жасалған, дизайны өте агрессивті.
Кемшілігі: Жалпы жолдарға шығуға рұқсат етілмеген. Бағасы – 4 млн доллардан жоғары. Коллекционерлер мен кәсіби трек үшін ғана.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!