Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

KAZINFORM — Құрылымы бойынша шешек вирусына ұқсас Mpox вирусы (маймыл шешек) Африкада тез таралып жатыр. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.

Mpox вирусы Африка континентіндегі 13 елде, негізінен Конго Демократиялық Республикасында (КДР) анықталған.

Вирусқа қарсы жасалған вакцинаны континентке жеткізудегі қиындықтар Африкада Ковид-19-ға ұқсас эпидемия қаупіне қатысты алаңдаушылық тудырады.

9 тамызда Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (Африка CDC) жариялаған есебіне сәйкес, қаңтардан 8 тамызға дейін Африканың 13 елінде 2 822 адам вирус жұқтырған және 14 719 күдікті жағдай тіркелген. Вирус 517 адамның өмірін қиды.

Вирус алғаш рет 1970 жылы Конго Демократиялық Республикасындағы (ол кезде Заир деп аталған) адамдарда анықталған. 2022 жылдың мамыр айында вирустың бір түрі дүние жүзінде індет тудырды: вирусты 111 елде 90 мың адам жұқтырды. Олардың 140-ы қайтыс болды. 2023 жылдың қыркүйегінде КДР-да пайда болған жаңа, аса қауіпті вирус түрі 2024 жылдың қаңтарында бүкіл аймақтарға тез тарала бастады.

Вирус Бурунди, Орталық Африка Республикасы, Конго, Конго, Камерун, Гана, Либерия, Нигерия, Руанда, Кения, Кот-д’Ивуар және Оңтүстік Африка сияқты елдерде анықталды.

2022-2023 жылдары Mpox инфекциясын жұқтырғандар саны бірден 79 пайызға, ал 2023-2024 жылдары 160 пайызға дейін өсті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!