Бішкек қалалық милиция басқармасының басшысы жұмыстан босатылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, министрлік қызметкерлердің ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту жөнінде түбегейлі шаралар қабылдайды.Ақпарат бойынша, Бішкек Ішкі істер бас басқармасының басшысы Бақыт Матмусаев қызметінен босатылды.

«Қайғылы оқиғаға байланысты Первомай ауданының ІІБ, астананың ІІББ және Шу облысының ІІББ қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу тағайындалды. ІІМ Ішкі тергеу қызметі болған оқиға бойынша мұқият және объектив қызметтік тергеу жүргізді және милиция қызметкерлерінің, бөлімше басшыларының іс-әрекеттеріне, олардың қызметтік іс-әрекетіне баға берілді, 2021 жылы 9 сәуірде ІІМ бұйрығы шығарылды», – делінген хабарламада.

Жүктелген қызметтік міндеттерді, «Құқық қорғау органдарында қызмет атқару туралы» заңның талаптарын, құқық қорғау органдарының тәртіптік жарғысын, 2020 жылғы жедел-қызметтік іс-қимыл қорытындылары бойынша ІІМ алқасында қойылған міндеттерді, аппараттық және жедел кеңестерде қойылған талаптарды тиісінше орындамау деректері, сондай-ақ ІІМ-нің өзге де бұйрықтары өрескел бұзылғаны хабарланды.

Осының негізінде бірқатар қызметкер мен бөлім басшысы тәртіптік жазаға тартылды, кейбіреуі қызметінен босатылды.

ІІМ бұйрығымен Бішкек ІІББ бастығы Матмусаев, ІІББ бастығының орынбасары Атантаев, ІІББ тергеу қызметінің бастығы Өтемісов, Первомай ауданы ІІБ бастығы Казакеев, Первомай ауданы ІІБ бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Базарқұлов, Первомай ауданы ІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Суранчиев, Первомай ауданы ІІБ бастығының қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Озубеков, Первомай ауданы ІІБ кезекші бөлімінің аға инспекторы милиция аға лейтенанты Абдиллаев, Первомай ауданы ІІБ кезекші бөлімінің аға инспекторы милиция майоры Тукешов, Первомай ауданы ІІБ тергеу қызметінің аға тергеушісі милиция капитаны Арықбаев қызметтен босатылды.

Құқық қорғау органдарының 44 қызметкері қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту алды.

Еске салайық, Айзада Қанатбекованы 5 сәуірде ұрланды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды. Екі күннен кейін қыз бен оны ұрлаған ер адам өлі табылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!