IPO шарасы кезінде «ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларына тиімді ақша салу сылтауымен алаяқтар Play Market-тің ресми дүкенінде күмәнді қосымшаларды белсенді түрде жарнамалауда. App Store-да әзірге мұндай сервистер пайда бола қойған жоқ. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі қазақстандықтарға ескерту жасады.
Агенттіктің хабарламасына қарағанда, алаяқтар тегін орнатуға болатын әртүрлі мобильді қосымшалардың көмегімен IPO-да «ақша табуды» ұсынады.
Аңқау азаматтарды көбірек тарту үшін олар «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың атауы мен логотипін пайдаланады, ал қосымшаларға сипаттамада аз ғана күш салып жоғары, әрі кепілді табыс алуға уәде етеді. Бұл қосымшалар үкіметтің қолдауымен әзірленді-мыс деп сендіреді.
Алаяқтар IPO шеңберінде бағалы қағаздарға инвестиция салу жеңіл және әр инвестиция үлкен пайда әкеледі деп сендіреді. Дәлел ретінде олар жалған пікірлерді орналастырады. Мына деректерге: қосымшаның шығарылған күніне, ол қаншалықты жиі жаңартылатынына, әзірлеушісі кім екендігіне, пікірлердің саны мен жарияланған күні және пайдаланушылардың аты-жөндеріне назар аударыңыз. Қосымша сіздің деректеріңізді қалайша және қандай жолмен жинайтыны, өңдейтіні және әзірлеушіге беретіні туралы ақпарат маңызды болып табылады.
Еске салсақ, қазақстандықтар IPO алаңында алаяқтарға алданбау үшін арнайы сайт ашылды. Бұған қоса желіде IPO туралы фейк ақпараттар өте көп тарауда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!