Аляска билігі 6 ақпанда штаттың батысында апатқа ұшыраған ұшақтың қалдықтарын Беринг теңізінің мұзынан шығарумен айналысып жатыр. Апат салдарынан борттағы 10 адамның бәрі қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Америка даусына» сілтеме жасап.

Bering Air әуе компаниясына тиесілі бір моторлы ұшақ бейсенбі күні күндіз Уналаклиттен Ном қаласына бағыт алған кезде жоғалып кеткен. Ұшақ ұзақ іздеу жұмыстарынан кейін келесі күні табылды. Бортта болған 9 жолаушы мен ұшқыш қайтыс болды.

Жергілікті, мемлекеттік және федералдық агенттіктер кең көлемді іздестіру операциясын жүргізді. Олар мұз басқан теңіз бен тундраның жүздеген шақырымын тексеріп, ұшақтың орнын анықтады. Сенбі күні құтқарушылар қалдықтарды және қаза болғандардың денелерін шығара бастағанымен, күшті жел мен қарлы боран жұмысты тоқтатуға мәжбүрледі.

Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі апаттың себебін анықтау үшін әртүрлі штаттардан сарапшылар жіберді. АҚШ Азаматтық авиация патрулінің радар деректері ұшақтың кенеттен биіктігі мен жылдамдығын жоғалтқанын көрсетті, алайда апаттың нақты себебі әлі белгісіз.

АҚШ жағалау күзетінің капитан-лейтенанты Бенджамин Макинтайр-Кобл ұшақтың апаттық дабыл белгісін жібермегенін айтты. Егер ұшақ суға құласа, авариялық таратқыш спутникке белгі жіберіп, ол ақпарат жағалау күзетіне берілуі керек еді. Бірақ мұндай сигнал тіркелмеген.

Алясканың кең аумағы мен инфрақұрылымының шектеулігіне байланысты жергілікті тұрғындар үшін ұшақпен қатынау – үйреншікті нәрсе. Штаттың көптеген елді мекендері жол желісімен байланыспаған, сондықтан адамдар негізінен ұшақпен қатынайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!