АҚШ президенті Дональд Трамп 20 қыркүйек күні «Алтын карта» атты жаңа иммиграциялық бағдарламаны іске қосу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл бағдарламаға сәйкес, 1 миллион доллар төлеген шетелдіктерге виза жеделдетілген тәртіппен берілмек. Ал америкалық компаниялар демеушілік жасаған шетелдік қызметкеріне виза алу процесін жылдамдату үшін 2 миллион доллар төлеу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар Трамп H-1B визасына өтінім беру кезінде 100 мың доллар көлемінде алым енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Әкімшілік бұл шара бағдарламаны шамадан тыс пайдалануды шектеп, америкалық азаматтарды жұмысқа тартуға ықпал ететінін мәлімдеді.
АҚШ сауда министрі Говард Лютниктің айтуынша, жаңа алымды бір реттік 300 мың доллар төлем ретінде немесе үш жыл бойы 100 мың доллардан бөліп төлеуге болады.
H-1B визасы жоғары білікті шетелдік мамандарды, әсіресе технология саласында, жұмысқа тартуға арналған. Жыл сайын 65 мың виза және АҚШ университетін тәмамдағандарға қосымша 20 мың виза беріледі. Сұраныстың тұрақты түрде ұсыныстан асып түсуіне байланысты виза лотерея арқылы үлестіріледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!