Амазонканың батпағына құлаған ұшақтан аман қалған бес адам 36 сағат бойы қолтырауындар қоршауында қалған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырағаннан кейін тірі қалған бес адам – бір бала, үш әйел және пилот – 36 сағат бойы батпақтың ортасында аман қалуға мәжбүр болған. Олар жан-жағынан жақындап келген ірі қолтырауындардың қоршауында тұрған. Пилот Пабло Андрес Веларденің айтуынша, жыртқыштар оларға үш метрге дейін жақындаған, бірақ жанаспаған.

«Қолтырауындар күні-түні бізден үш-төрт метр қашықтықта болды, бірақ жақындап келмеді. Мен телефонымдағы шам арқылы оларды бақылап отырдым. Мүмкін, судың бетіне жайылған жанармайдың иісі оларды шошытқан болар», – дейді ол.

Ұшақ Боливияның солтүстік-шығысындағы Бени департаментінде Баурестен Тринидадқа қарай бағыт алған. Апатқа ұшыраған кезде ұшақ батпаққа қонған, қатты соққы салдарынан аударылып түскен. Аман қалғандар ұшақтың төбесіне шығып, көмек келгенше сонда тұрған.

Пилоттың айтуынша, олар су ішпей, тек өздерімен бірге болған маниок ұнын ғана қорек еткен. Сонымен қатар, суда жыландар көріп, масалармен күресуге тура келген.

Құтқару жұмыстары барысында олар балықшылардың қайығын естіп, телефон шамымен белгі беріп, көмек шақырған. Кейіннен тікұшақпен құтқарылып, ауруханаға жеткізілген.

Бени өңірінің денсаулық сақтау департаментінің директоры Рубен Торрестің айтуынша, із-түзсіз жоғалған адамдарды табу үшін көптеген мекеме жұмылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!