KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік департаменті 6 мыңнан астам халықаралық студенттік визаның күшін жойды. Бұл елде заң бұзу мен мерзімі біткен соң да қалу жағдайларының көбеюімен түсіндірілді, деп хабарлады ВВС.
Ведомствоның мәліметінше, визалардың басым бөлігі зорлық-зомбылық, мас күйінде көлік жүргізу, ұрлық және лаңкестікке көмектесу сияқты заң бұзғаны үшін жойылды.
Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі иммиграция мен халықаралық студенттерге бақылауды күшейтіп жатқан кезде қабылданды. Шенеуніктер терроризмге көмектесу дегенді түсіндірмеді, бірақ үкімет Палестинаны қолдап демонстрацияға шыққан кейбір студенттерді де нысанаға алып, олардың әрекеттерін антисемитизм деп сипаттады.
Жойылған 6000-нан астам визаның 4000-ға жуығы заң бұзуға байланысты. INA-ның 3В бөлімі (адам өміріне қауіп төндіретін немесе АҚШ заңдарын бұзатын лаңкестік әрекеттерге қатысу) бойынша тағы 200-300 визаның күші жойылды.
Трамп әкімшілігі бұған дейін дүние жүзіндегі АҚШ елшіліктеріндегі халықаралық студенттерге виза тағайындауды уақытша тоқтатқан болатын. Маусым айында процесс қайта басталған кезде, үміткерлерден әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жария ету талап етілді. Шенеуніктер бұл процесс АҚШ азаматтарына, мәдениетіне, үкіметіне немесе принциптеріне қарсы кез келген дұшпандық белгілерін анықтау үшін жасалғанын айтты. Сондай-ақ Мемлекеттік департамент қызметкерлеріне шетелдік лаңкестік топтарға қолдау көрсететін немесе АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін адамдарды анықтау тапсырылды.
Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мамырда мыңдаған студенттік визалардың күшін жойғанын айтты. Ол процестің жалғасатынын мәлімдеді. Демократтар Трамп әкімшілігінің шараларын студенттердің құқықтарын бұзу деп сынады.
Open Doors мәліметтері бойынша 2023/2024 оқу жылында АҚШ-тың жоғары оқу орындарында 210-нан астам елден 1,1 миллионнан астам халықаралық студент оқыды. Бұл студенттердің жалпы санының шамамен 6 пайызын құрайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!