АҚШ бірпартиялы мемлекетке айналуы мүмкін. Бұл туралы кәсіпкер Илон Маск X желісіндегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Масктың айтуынша, Америка үшін тым көп иммигрант – қауіп.

«Радикал солшылдар сайлауда жеңіске жету және Американы бірпартиялы мемлекетке айналдыру, сол арқылы кез келген демократияны жою мақсатында алаяқ мемлекеттік бағдарламаларды баяғыдан бері пайдаланып келеді: олар заңсыз (ал кей жағдайларда заңды) иммигранттарды көптеп кіргізіп, елде ұстап қалады», – делінген оның жазбасында.

Миллиардер сондай-ақ: «Мұның мән-жайына тереңірек үңілген сайын, салық неге жұмсалып жатқанына және егер мұның жолы кесілмесе, даусыңыздың ешқандай мәні қалмайтынына одан көз жеткізесіз», – деп атап өтті.

«Мысалы, Миннесота штатындағы сомалилік сайлаушылар блогы. Бұл штатта тарихи тұрғыда Конгреске сайланған бірде-бір сомалилік болмаған, алайда дәл солар Ильхан Омарды АҚШ Конгресіне өткізді», – деді Маск.

Ол мұндай жағдай Еуропада, Ұлыбританияда, Канадада, Аустралияда және Жаңа Зеландияда да байқалатынын қосты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!