Америка Құрама Штаттары Францияның Палестинаны мемлекет ретінде тану туралы шешімін қолдамады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлім етті, деп хабарлайды KAZINFORM.
«АҚШ БҰҰ Бас Ассамблеясында палестиналық мемлекетті тану жөніндегі Франция президенті Эммануэль Макронның жоспарын үзілді-кесілді қабылдамайды», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Марко Рубио бұл қадамды «есепсіз шешім» деп атап, оның «ХАМАС ұйымының мүддесіне қызмет ететінін» және «2023 жылғы 7 қазандағы оқиғалардың құрбандарына жасалған соққы» екенін айтты.
Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон Париждің Палестинаны мемлекет ретінде тануға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ресми мәлімдеме БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйекте өтетін жаңа сессиясында жасалуы мүмкін.
Макронның айтуынша, қазіргі басты мақсат – Газадағы соғысты дереу тоқтату және бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету. Сондай-ақ ол ХАМАС қозғалысын қарусыздандыруды, Газаны қалпына келтіру мен аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қолдайтынын жеткізді.
Франция басшысы Палестина мемлекетінің өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін оның қарусыздануын және Израильді толық мойындауын маңызды деп есептейді. Оның пікірінше, бұл Таяу Шығыс халықтарының қауіпсіздігіне үлес қосуға мүмкіндік береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!