Фото: Depositphotos
АҚШ өкілдер палатасы Украинаға ірі көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
АҚШ Конгрессінің өкілдер палатасы Украинаны қолдауға 61 миллиард доллар бөлуді сенімді түрде мақұлдады.
Енді заң жобасын Сенат мақұлдап, Байден қол қоюы керек.
Жалпы сомасы 95 млрд доллардан астам әскери көмек қарастырылған заң жобасы Украинамен қатар, Вашингтонның одақтастары Израиль мен Тайваньға да көмек көрсетуді көздейді.
Палата мүшелерінің 311-і «жақтап», 112-сі «қарсы» дауыс берді, сонымен қатар заң жобасында Украинаға 300 км-ге дейінгі қашықтықтағы нысаналарды атуға қабілетті ұзақ қашықтыққа ұшатын ATACMS зымырандары берілуі қарастырылған. Сондай-ақ, Киевке беру үшін тыйым салынған ресейлік активтерді тәркілеу де қарастырылған.
Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтондағы дауыс беру нәтижесін жылы қабылдап, бұл «мыңдаған адамдарды ажал аузынан аман алып қалады» деп мәлімдеді.
«Заң жобасын сенат қабылдап, президент Байденге жібереді деп үміттенеміз. Америка, рахмет!» деді Зеленский X желісінде.
Ақ үй басшысы сенаторларды заңды тезірек қол қоюға жіберуге үндеді.
Ал Ресей сыртқы істер министрлігі “АҚШ-тың Украина, Израиль және Тайваньға әскери көмек бөлуі жаһандық дағдарысты ушықтырады” деп мәлімдеді.
“Киев режиміне әскери көмек лаңкестік әрекеттерге тікелей демеушілік көрсету, Тайваньға – Қытайдың ішкі істеріне араласу, Израильге – аймақтағы бұрын-соңды болмаған шиеленістің күшеюіне тікелей жол”, – деді Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Захарова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!