Дели мен Бейжің АҚШ тарапынан күшейген сауда қысымының салдарынан өзара ұстанымдарын жақындатуға кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алайда екі ел әзірге толыққанды қарым-қатынасты қалпына келтіруге асықпай отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл – Үндістанның Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы саясатында «тактикалық», бірақ түбегейлі емес өзгеріс.
Қытай сыртқы істер министрі Ван И сейсенбі күні Үндістанға жасаған екі күндік сапарын аяқтады. Қытай СІМ-нің мәлімдеуінше, Ван И сапар барысында Қытай мен Үндістан бір-бірін қарсылас немесе қауіп ретінде емес, серіктес әрі мүмкіндік ретінде қарастыруы қажет екенін айтты.
Ван И сондай-ақ ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің 2024 жылдың қазан айындағы кездесуі Қытай–Үндістан қарым-қатынасының «қайта жандануының» бастауы болғанын атап өтті.
Қос ел арасындағы қатынастар былтыр қазандағы БРИКС саммитінің кулуарлық кездесуінен кейін жылына бастады. Сол кезде Си Цзиньпин мен Моди даулы шекарадағы шиеленісті бәсеңдетуге уағдаласқан болатын.
Қарым-қатынастардың жылуының белгісі ретінде Ван И сейсенбі күні Модимен кездесіп, оған Си Цзиньпиннің тамыздың соңында Тяньцзиньде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне шақыруын жеткізді. Моди бұл ұсынысты қабылдады. Бұл сапар Үндістан премьерінің соңғы жеті жылдағы Қытайға алғашқы ресми сапары болмақ.
Сонымен қатар Үндістаннан Қытайға тікелей әуе рейстері қайта жанданады. Олар COVID-19 пандемиясына байланысты 2020 жылдан бері тоқтап тұрған еді. Екі тарап үш шекаралық бекет арқылы шекара маңындағы сауданы қайта ашуға келісті.
Үнді БАҚ-тары Қытай Үндістанға тыңайтқыштар, сирек кездесетін металдар және тоннель қазатын техниканы экспорттауға қойылған шектеулерді алып тастауға келіскенін жазды.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, шекара дауы түбегейлі шешілген жоқ. Қос мемлекет арасында су ресурстарына қатысты келіспеушіліктер де бар. Бұл жағдай биыл мамырда Үндістан мен Пәкістан арасындағы шекаралық қақтығыста байқалды. Ол кезде Пәкістан Қытайда жасалған J-10C жойғыш ұшақтары Үндістанның француз Rafale ұшақтарын атып түсіргенін мәлімдеген еді.
Айта кетейік, 6 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістанға қосымша 25 пайыздық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ол 27 тамыздан бастап күшіне енеді. Бұл шешім Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуын жалғастыруымен байланысты.
Сонымен қатар Дональд Трамп Үндістанды «баж салығының патшасы» деп атап, оған ең жоғары кедендік алымдарды енгізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!