АҚШ делегациясы 16 ақпан, жексенбіде Ресей өкілдерімен келіссөздер жүргізу үшін Сауд Арабиясына аттанды, жақсы прогреске үміт бар. Бұл туралы АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Fox News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости мәліметіне сілтеме жасап.
«Мен бүгін ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшімен бірге сол жаққа аттанамын. Бізде президенттің тапсырмасымен кездесулер өтеді, Ресей мен Украина мәселесіне қатысты жақсы прогреске қолжеткіземіз деп үміттенемін», – деді Уиткофф.
Ол Украина келіссөздерге қатыспайды деген пікірмен келіспейтінін айтты.
«Менің ойымша, Украина – келіссөздердің бір бөлігі», – деді Уиткофф, Трамптың Владимир Зеленскийге қоңырау шалғанын еске салып.
16 ақпан, жексенбіде Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко Facebook-парақшасында украиналық үкіметтік делегацияның Сауд Арабиясында жұмысын бастағанын және Владимир Зеленскийдің корольдікке сапары дайындалып жатқанын хабарлады.
«Украина үкіметтік делегациясының Сауд Арабиясына жұмыс сапарын жергілікті жүзге жуық кәсіпкермен кездесуден бастадық. <…> Алдағы күндері ондаған кездесу өткізіп, Владимир Зеленскийдің Сауд Арабиясына сапарына дайындаламыз», – делінген хабарламада.
Оның айтуынша, украиналық делегация энергетика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларындағы бастамаларды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды талқылаған.
14 ақпанда Зеленский алдағы күндері Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына және Түркияға баратынын хабарлады. 16 ақпан, жексенбіде Украина президенті жұбайымен бірге БАӘ-ге барған.
«Коммерсант» газетінің мәліметінше, Ресей мен АҚШ-тың Украина бойынша келіссөздері 18 ақпан, сейсенбіде Эр-Риядта өтеді. Басылым мәліметінше, АҚШ атынан келіссөздерге Мемлекеттік департамент басшысы Марк Рубио, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысады.
Ал Washington Post газеті мәліметінше, Зеленский мен оның кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Сауд Арабиясындағы Украина бойынша өтетін кездесуге қатысуды жоспарламайды.
«Зеленский де, оның бас көмекшісі Андрей Ермак та Сауд Арабиясындағы кездесуге қатысуды жоспарламайды», – деп жазады басылым.
Сонымен қатар, CNN телеарнасы аты-жөнін атамаған украиналық шенеунікке сілтеме жасап, Украина тарапы бұл келіссөздерге қатыспайтынын хабарлаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!