Мұндай тосын ақпаратты Reuters агенттігі 3 хабардар дереккөзге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Агенттік пікірінше, бұл АҚШ-тың Мәскеуді мұнай сатудан түсетін табыстан айыруға бағытталған күш-жігерін күрделендіруі ықтимал. Өйткені, дәл осы табыс Ресейге Украинадағы соғысты қаржыландыруға көмектесуде. 

АҚШ билігі аталған шешімді әлемдік мұнай нарығындағы жағдайдың күрт шиеленісуімен байланыстырады. Соңғы уақытта Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан мұнай жеткізу тізбектері бұзылып, тоқтап, әлемдік бағалар айтарлықтай өскен еді. Кейбір бағалаулар бойынша, Brent маркалы мұнай бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан асқан. 

Осы орайда, Ақ үй бірнеше нұсқаны қарастырған. Соның бірі – Ресей мұнайына қатысты кейбір санкцияны уақытша жұмсарту, мұнай нарығындағы тапшылықты азайту үшін АҚШ-тың стратегиялық мұнай қорынан шикізат шығару мүмкіндігі. 

Осыған дейін АҚШ билігі санкцияларды ішінара жеңілдету мақсатында теңізде тұрып қалған ресейлік мұнайды сатып алуға уақытша рұқсат берген еді. Яғни, Үндістанға бағытталған мұнай партияларын сатуға 30 күндік жеңілдік берілді. 

Десе де, сарапшылардың сөзінше, санкцияларды әлсірету Вашингтонның Ресейдің мұнайдан түсетін табысын азайту арқылы Украинадағы соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеу стратегиясына қайшы келуі ықтимал. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!