KAZINFORM – АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуы келесі індетпен күресті қиындатады. Джорджтаун университетінің қоғамдық денсаулық сақтау құқығы жөніндегі сарапшысы Лоуренс Гостин дәл осындай пікірде, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.

ДДСҰ мақсаты

Біріккен Ұлттар Ұйымының бір бөлшегі ретінде 1948 жылы құрылған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бүгінде әлемнің 194 елінің басын қосып отыр. Олар әлемдегі қоғамдық денсаулық сақтау саласының ең күрделі проблемаларын бірлесе отырып шешумен айналысады. Олардың қатарында COVID-19, Зика және Эбола вирустары, шешек, полиомиелит, жүрек ауруы, диабет пен обыр бар. Сонымен қатар ДДСҰ вакциналар жеткізіп, әлпемнің түрлі өңірлеріндегі кедейлер мен соғыс іс-қимылдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, техникалық жетекшілік жасайды.

АҚШ-тың ұйымдағы үлесі

Америка ұйымның ең ірі донорларының қатарына келеді. ДДСҰ жария еткен соңғы деректерге сәйкес, АҚШ 2022-2023 жылдары, яғни 2 жылдық кезеңде ұйым бюджетіне 1,28 млрд доллар қаржы құйған. Оның 218,5 млн доллары міндетті жарна болса, 1,02 млрд доллары ерікті жарна саналады. Мұнан бөлек, төтенше жағдай болған орайға деп резервтің қорға жарна түрінде 46,7 млн доллар салған. Салыстырмалы түрде алар болсақ, Қытай дәл осындай екіжылдық мерзімде ұйым бюджетіне жалпы 157 млн доллар бөліп отыр. Оның 115 млн доллар міндетті жарнасы саналады.

202-2023 жылдары кезеңіндегі ДДСҰ-ның жалпы бекітілген бюджеті 10,4 млрд доллар болған еді. Ал ондағы АҚШ үлесі 12,3 пайыз. 

Фото: statista.com
Президент Дональд Трамптың жарлығында АҚШ-тың халықаралық ұйымнан шығуына «ДДСҰ-ның COVID-19 індетімен дұрыс күресе алмауы», «шұғыл қажетті реформаларды қабылдауға қабілетсіздігі», сонымен қатар агенттіктің Құрама Штаттардан Қытай сынды өзге мүше мемлекеттермен салыстырғанда «әділетсіз ауыртпалықты төлем» талап етуі себеп болғаны көрсетілген.

Есте болса, 2020 жылдың шілдесінде Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуға ресми түрде алғашқы қадам жасаған болатын. Алайда, 2021 жылдың 20 қаңтарында АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден елдің ұйымнан шығуы көзделген заң жобасының күшіне енуіне тосқауыл қойған болатын.

Қандай салдары болуы ықтимал?

Беркли қаласындағы Калифорния университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі саясат және басқару кафедрасының профессоры Стефано Бертоцци (ДДСҰ ЖИТС (СПИД) жөніндегі жаһандық бағдарламасының бұрынғы директор міндетін атқарушысы – ред. ескертпесі) АҚШ-тың ДДСҰ-дан шығуын «АҚШ үшін де, басқа әлем үшін де трагедия» деп атады.

Оның пайымынша, АҚШ денсаулық сақтауға жаһандық қатерді тоқтату үшін бүкіл әлемдегі елдермен тиімді ынтымақтастық қабілетін төмендетеді. COVID-19 індеті шекара талғамайтын көптеген жұқпалы қатерден қауіпсіз болу мүмкін еместігін және әлемнен өзіңді оқшаулаудың тәсілі жоқ екендігін паш етті.

АҚШ-тың ДДСҰ-дан шығуы барлық қатысушаға, алайда америкалықтардың өздеріне бәрінен де үлкен шығын әкеледі. Дәл қазіргі уақытта Америка ДДСҰ-да шешім қабылдау үшін ең көп дауысқа ие болып отыр және мұндай мүмкіндігінен айырылып қалады, – деп атап өтеді Стефано Бертоцци.

Сонымен қатар профессор АҚШ-тың қолдауынан қағылу ДДСҰ үшін де үлкен соққы болатынын баса айтады.

АҚШ ірі донор саналады. Ендігі уақытта ДДСҰ бюджетіндегі шығынды толтыру үшін көптеген өзге елден қаржы талап етілмек. Өйткені, оның жұмысы аса маңызды. АҚШ өз үлесін тиюдың орнына ДДСҰ-ның көптеген саладағы әлеуетін шығайту үшін үлкен көмек көрсетуі тиіс еді, – деп санайды спикер.

Джорджтаун университетінің қоғамдық денсаулық сақтау құқығы жөніндегі сарапшысы Лоуренс Гостин Құрама Штаттардың ДДСҰ-дан шығуы қоғамдық денсаулық үшін «ауыр жараға» айналады, бірақ, «америкалық ұлттық мүдде үшін одан да терең жара болады» деп санайды.

Сонымен қатар ол АҚШ-қа ұйымнан шығу үшін біраз уақыттың талап етілетіндігін алға тартады. 

Фото: publichealth.jhu.edu

Агенттік құрылған кезде Конгресс қабылдаған бірлескен қарар Құрама Штаттардан одан шығатын кезде 1 жыл бұрын хабарлауды және ағымдағы қаржылық жыл үшін ұйым алдындағы өзінің қаржылық міндеттемесін төлеуді талап етеді. Ал АҚШ-тың ДДСҰ-дан шығуы елдің денсаулық сақтау саласындағы әлемдік көшбасшы ретіндегі жағдайын әлсіретеді және келесі індетпен күресті күрделендіреді, – деді Лоуренс Гостин.

Джонс Хопкинс университеті халықаралық денсаулық сақтау және медицина кафедрасының меңгерушісі, медицина докторы Джад Уолсон Құрама Штаттарсыз ұйым айтарлықтай қиындықтарға тап болады деп санайды.

Ұйым қазірдің өзінде қаржылық қиындыққа душар болып тұр және АҚШ-тың шығуы жұмыс орындарының жойылуына, жұмыстың қысқаруына және ұйымның кең ауқымды қызметін орындау мүмкіндігін төмендетуіне алып келеді, – деп атап өтеді ол.

Қазіргі уақытта АҚШ ДДСҰ процесінің қатерді бағалаудан бастап, ұйымда шешім қабылдауға дейінгі барлық кезеңінде маңызды рөлге ие.

Ұйымнан шығу Америка халқы үшін аса қымбатқа түседі. Әлемде қауіпті ауру шыққан жағдайда АҚШ ол жайында алдын ала хабар ала алмайды. Сонымен қатар қажетті мәліметтерге қол жеткізу мүмкіндігінен қағылады. Елдің дауыс беру құқығы болмайды. Соған орай қатерді тежеуге қатысты қабылданатын шешімге және емдеу стратегиясын қолдануға ықпал ете алмайды. Пайда болған патоген мәліметтеріне қол жеткізе алмау вакцина немесе емдеудің өзге де әдістерін әзірлеуді күрделендіреді. АҚШ-тың ДДСҰ елдерімен мұнан арғы өзара іс-қимылы олардың достық қарым-қатынасына байланысты болмақ, – деді АҚШ үшін тәуекелдерді тізбелеген Джад Уолсон.

Барлық сарапшы АҚШ ұйымнан шыққанымен 1 жыл бойы қаржылық міндеттемесін орындайтындығын алға тартады. Демек, осы жылдың ішінде ДДСҰ-ның проблемаларын шешу және ұйымды күшейту бойынша нақты жоспар әзірлеу үшін дипломатиялық арналар арқылы жұмыс істеуге деген үміт бар.

Осындай жайт аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адан Гебрейесус түрлі елдердің мемлекет және үкімет басшыларын Вашингтон халықаралық ұйым сапына қайта оралуы үшін АҚШ-қа ықпал етуге шақырды. Қаржыландырудағы проблемалардың салдарынан ұйымның Таяу Шығыстағы, Украина мен Судандағы жұмысына қатер төнуі мүмкін екендігін атап өтті.

Бұған дейін ДДСҰ-ның 2024-2025 қаржы жылына арналған жалпы бюджеті 6,8 млрд долларды құрайтынын жазған едік. Оның 958 млн долларын АҚШ қосты. Осылайша, бұл ел ұйым жарнасының шамамен 14 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!