KAZINFORM – АҚШ қарулы күштерінің Йеменнің солтүстік-батысындағы Саада қаласындағы мигранттар орталығына жасаған соққысынан қаза тапқандар саны 68 адамға жетті, 47 адам жарақат алды. Бұл туралы Йемендегі «Ансар Аллах» қозғалысының Al Masirah телеарнасы хабарлады, деп жазады ТАСС.

Бұған дейін 35 адамның қаза тауып, 50 адамның жараланғаны туралы хабарланған болатын. Телеарнаның мәліметінше, жараланғандардың көбі ауыр халде.

Оқиға кезінде орталықта 115 мигрант болған. Олар негізінен Африка елдерінен келген азаматтар.

Еске сала кетейік, 2023 жылы Газа секторындағы жағдай шиеленіскеннен кейін, хуситтер Израиль аумағына шабуыл жасайтынын және Израильмен байланысы бар кемелердің Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазынан өтуіне жол бермейтінін мәлімдеген еді.

Біршама уақыттан кейін, яғни қаңтарда Газа секторында бітім орнап, шабуылдар тоқтаған болатын. Алайда наурыздың басында бітім бұзылып, хуситтер Израиль кемелеріне қайта шабуылдай бастады.

15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен АҚШ қарулы күштері Йемендегі хуситтердің бақылауындағы нысандарға жаппай әуе соққыларын бастады. АҚШ Орталық қолбасшылығы бұл операцияның мақсаты — америкалық мүдделерді қорғау және Қызыл теңіздегі кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету екенін түсіндірді.

Оған жауап ретінде «Ансар Аллах» қозғалысы Қызыл теңіздің солтүстігінде орналасқан Harry Truman әуе тасымалдаушы кемесіне бірнеше рет шабуыл жасауға тырысқан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!