Фото: fox7austin.com

Вице-президент Джей Ди Вэнс Республикалық партия атынан 2028 жылы президент қызметіне басты үміткер болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі. 

The Hill хабарлауынша, Консервативтік саяси іс-қимыл конференциясының (CPAC) жаңа алдын ала дауыс беру қорытындыларына сәйкес, Вэнс Техас штатының Грейпвайн қаласында өткен жыл сайынғы съезде президенттікке кандидаттардың артықшылықтары бойынша сауалнамаға қатысқандардың шамамен 53%-ының қолдауына ие болды.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубио 35% дауыспен екінші орынды иеленсе, Флорида губернаторы Рон Десантис пен президенттің ұлы кіші Дональд Трамп 2% дауыс жинап, үшінші орында тұрды.

Сенаторлар Тед Круз (Техас) және Рэнд Пол (Кентукки), қорғаныс министрі Пит Хегсет, Ұлттық барлау директоры Тулси Габбард және Техас губернаторы Грег Эбботт әрқайсысы 1% дауыс жинады. Тізімдегі бірнеше кандидат қолдау таба алмады.

Вэнс есімінің тізімде бірінші тұруы консервативті республикашылдардың оны президент Трамптың орнына ең қолайлы кандидат деп санайтынын танытып отыр.

Өткен жылы Вэнс CPAC-тың 1022 қатысушысының арасында 61% қолдаумен көш бастады, одан кейін Трамптың бұрынғы кеңесшісі Стив Бэннон (12 пайыз) тұрды.

2025 жылы Рубио тек 3% қолдау алған, бұл оның Трампты жақтаушылар арасында танымалдығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Сенбідегі алдын ала дауыс беру қорытындысы таңғаларлық жайт емес еді. Себебі Вэнс пен Рубио 2028 жылғы сайлау алдында Республикалық партияның күтілетін көшбасшылары болып саналды. Дональд Трамптың сайлауға қайтадан түсу құқығы жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!