Фото: Sputnik / Антон Денисов

Sputnik. АҚШ Украинаға Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен кіріспен өтеу шартымен 20 миллиард доллар кредит берді, деп хабарлады АҚШ қаржы министрлігі.

«АҚШ-тың қаржы министрлігі «Үлкен жетіліктің» 50 миллиард доллар көлеміндегі шұғыл кірістерді жеделдету (ERA) бастамасы аясында Украинаға 20 миллиард доллар бөледі», – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Киев бұл қаражатты Дүниежүзілік банктің Украинаны қаржыландыруға көмектесу қоры арқылы алады.Маусым айында «Үлкен жетіліктің» көшбасшылары Киев билігіне 50 миллиард доллар (45 миллиард еуро) кредит беруге келісті, ол Ресейдің бұғатталған активтері есебінен өтеледі. Қазан айының соңында Еуроодақ Кеңесі Украинаға 45 жылға дейін 35 миллиард еуро көлемінде кредит беруді мақұлдады.

Қазан айында «Үлкен жетілік» елдерінің қаржы министрлері Киевке берілген кредит 2024 жылдың желтоқсанынан 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін толығымен төленетінін айтқан. Содан кейін Украинаға «Үлкен жетілікке» мүше елдерден екіжақты кредиттер бөлінеді, олардың әрқайсысы 2025 жылдың 30 маусымынан кешіктірілмей күшіне енеді.

Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін Еуроодақ пен «Үлкен жетілік» елдері Ресейдің шамамен 300 миллиард еуроны құрайтын валюта қорының жартысына жуығын бұғаттап тастады. 200 миллиардтан астам қаражат Еуроодақта, негізінен (176 миллиард) әлемдегі ең ірі есеп айырысу және клиринг жүйелерінің бірі – бельгиялық Euroclear шоттарында жатыр.

Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді бірнеше рет ұрлық деп атап, ЕО жеке тұлғалардың қаражатын ғана емес, сонымен бірге мемлекет активтерін де бұғаттағанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!