АҚШ Украинада ирандық Ababil зымырандары мен Shahed дрондарын өндіруге арналған қосалқы бөлшектерді жеткізуге қатысы бар деп танылған украиналық қорғаныс компанияларына санкция енгізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, тізімге Харьков қаласында тіркелген GK Imperativ Ukraina LLC және Киев пен Харьковта орналасқан Ekofera LLC компаниялары енген.
АҚШ Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, Иран тарапы аталған делдал компанияларды Украинадан аэрокосмостық материалдар, соның ішінде авиагоризонт, магнитометр, қозғалтқыштар мен генератор бөлшектерін сатып алып, оларды Иранның HESA авиациялық кәсіпорнына жеткізу үшін пайдаланған.
Министрлік санкциялар жаппай қырып-жою қаруын тарататын тұлғаларға және оларды қолдаушыларға қатысты 13382 атқарушылық жарлық негізінде енгізілгенін мәлімдеді. Бұл жарлық HESA компаниясына қаржылық, материалдық, технологиялық немесе өзге де қолдау көрсетуге немесе қолдау көрсетуге ұмтылыс жасауға байланысты қолданылады.
АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, аталған украин компаниялары Иранның зымырандары мен дрондарына арналған техниканы сатып алумен айналысқан трансұлттық желінің бір бөлігі болған. Бұл желіге Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Қытай, Гонконг, Үндістан және Германиядағы кәсіпорындар да кірген. Аталған мемлекеттердің компаниялары да санкцияға ұшырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!