2024 жылдың 25 желтоқсанда болған Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты ресейлік сақтандыру компаниясы Azal әуекомпаниясының Embraer 190 ұшағы үшін өтемақыны толығымен төледі. Бұл туралы компания бас директорының авиациялық және ғарыштық сақтандыру жөніндегі орынбасары Илья Кабачник мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сондай-ақ ресейлік компания мерт болған және аман қалған жолаушыларға төлем төлеуді бастады.
«Ұшақ үшін төлем ақпан айында толық көлемде жасалды», – деді ол.
Алайда өтемақы мөлшері қанша болғаны айтылмады. Сарапшылардың пікірінше, бұл шамамен 25-30 миллион доллар болуы мүмкін.
Еске салсақ, Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі – Ресей азаматтары.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына «Ресейдің өкілдері жауапты» деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұраған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!