KAZINFORM – Милейге қарсы сотқа 100-ден аса шағым түскен. Аргентина президенті криптовалюта дауына ілікті, деп жазады ТАСС.

Шағымдарда «ел президенті алаяқтық жасады» делінген, сондай-ақ ол лауазымына сәйкес келмейтін қызметпен айналысты, сөз байласу және басқа да қылмыстар жасады деп айыпталған.

Аргентина президенті Хавьер Милейге қарсы әлеуметтік желіде алаяқтық криптовалюталық схеманы насихаттағаны үшін 100-ден астам сот ісі қозғалды. Істерді қарауға прокурор Эдуардо Тайано мен судья Мария Сервини тағайындалған.

14 ақпанда Милей X сайтында криптовалюта арқылы Аргентинадағы шағын бизнеске инвестиция тартуға көмектесетін жоба туралы ақпарат жариялаған. Әлеуметтік желіде сынның астында қалғаннан кейін президент жобаның егжей-тегжейінен бейхабар екенін айтып, жазбаны өшіріп тастаған. 

Дегенмен, президент кеңсесінің 15 ақпанда жариялаған мәлімдемесінде Милей жобаға қатысы бар адамдармен кем дегенде екі рет кездесіп, аталған жобаны талқылағаны айтылған.

Президенттің алғашқы жариялаған жазбасымен бір уақытта іске қосылған жобада пайдаланылған криптовалютаның құны 5 долларға дейін көтерілген болатын, кейін ол құлдырап, құны 1 долларға да жетпей қалды.

Криптовалюта иелері қысқа уақыт ішінде миллиондаған доллар табысқа кенелген. Президент мәлімдемесінен кейін оппозиция оны түрлі қылмыстар, оның ішінде немқұрайлылық, ақшаны жылыстату, мемлекеттік қызметші лауазымына сәйкес келмейтін әрекеттерге барды деп айыптай бастады. «Отан үшін одақ» партиясының бір топ депутаты Милейге импичмент жариялауды ұсынатындарын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!