Ресейдің Астрахань облысының Нариман ауданында қазақ қызы Аида Қазиева «Жыл мұғалімі-2021» атағын жеңіп алды. Бұл туралы «Астрахань 24» телеарнасы хабарлады.

«Астрахань облысында «Жыл мұғалімі-2021» кәсіби шеберлік конкурсының муниципалды кезеңі аяқталды. Аймақтың барлық муниципалды білім беру жүйесінде ішкі кезең сайыстары болып өтті, оның қорытындысы бойынша жеңіске жеткендер облыстық кезеңге жолдама алды», – делінген хабарламада.

Хабарламада сондай-ақ Нариман ауданында Астрахань облысы «Білім және ғылым» жастар үкіметі жұмыс тобының мүшесі, Солянка орта мектебінің шетел тілі мұғалімі Аида Қазиеваның жеңімпаз атанғаны айтылады.

Аида «Астрахань 24» телеарнасына берген сұхбатында муниципиалды кезеңде өзінің ашық сабақ көрсетіп, сайтын ұсынғанын, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға қатысқанын айтып берді.

Бұдан басқа, Аида Нариман ауданының мектептеріне іске қосылған «Дай пять» деген жобаға жетекшілік етіп келеді. Ол 2019 жылы осы жобаны жеңіп алған кезінде 500 мың рубльдік грантқа қол жеткізген екен.

Біздің анықтама

Нариман ауданы Еділдің батыс қапталына, өзеннің Каспийге құярлығына жақын жерге орналасқан. Бұл территориялық-әкімшілік бағыныс 1931 жылы татар, ноғай ауданы ретінде құрылған. Ауданда қазіргі таңда 45 457 адам тұрады. Олардың арасында 18 729 санды орыстар 41,20 пайызбен бірінші орын алса, 11 185 болып отырған қазақтар 24,61 пайыздық көрсеткішпен екінші сатыға, ал 9 165 санды татарлар 20,16 пайызбен үшінші тепкішекке жайғасқан. Бұлардан бөлек, сыған, даргин, түрік, қалмақ, шешен секілді ұлт өкілдері де бар. Бірақ олардың саны өте аз мөлшерде.

Нариман ауданында Валерий Әлжанов глава болса, білім басқармасын Евгения Өтеғалиева басқарады. Ал білім саласының кәсіподағына Разалия Мәмбетова жетекшілік етеді.

rast.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!