Португалия билігі Атлант мұхитында 1,7 тоннадан астам кокаин тасымалдаған сүңгуір қайықты қолға түсірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жартылай суасты кеме Лиссабон жағалауынан шамамен 1000 теңіз милі (1850 км) қашықтықта ұсталған. Кемеде Оңтүстік Америкадан келген төрт адам – екі эквадорлық, бір венесуэлалық және бір колумбиялық болған. Олар Азор аралдарында сотқа жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды.

Португалия сот полициясының өкілі Витор Ананиас бұл операцияның артында бір ғана ел емес, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топ тұрғанын атап өтті.

Сүңгуір қайықты табуға Португалия әскери-теңіз күштерімен қатар Ұлыбританияның Ұлттық қылмыс агенттігі мен АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес басқармасы да қатысқан.

Ауа райының қолайсыздығына және кеменің нәзік құрылымына байланысты оны жағалауға сүйреп шығару мүмкін болмаған. Соңында кеме ашық теңізде суға батып кеткен.

Биыл наурыз айында да Лиссабоннан 1200 теңіз милі қашықтықта 6,5 тонна кокаин тиелген ұқсас кеме қолға түскен болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!