Фото: www.alem-edu.kz
Кітапты жата-жастана оқитын толқын өткенде қалды дейтіндер бар. Бірақ қай нәрсе болса да сұранысына қарай нарықтан өзінің орнын таба алады. Әйтсе де, қазір әлем классиктерін туған тілде сөйлетудің жайы қалай? Бұл бағытта қалам қуаттап жүргендер кімдер? Қазіргі әлем әдебиетінің аудармаларын кімдер оқиды? Сан сауал көкейде, зерттеп-зерделеген шамамызбен оқырманға ұсынып отырмыз.
Елімізде қазақтілді кітаптарға сұраныс бұрынғыдан әлдеқайда арта түскен. Республикалық БАҚ бетінде «Меломан» желісінің кітап дирекциясының жетекшісі Ксения Семенованың берген мәліметінше, орыс тіліндегі кітаптарға сұраныс 15 процентке төмендеген. Тиісінше, қазақтілді кітаптарға деген сұраныс екі есе артыпты. Ал «Бүгінде кітап оқымайды» деген пікірдің жиекке шығып қалғаны анық. Әлеуметтік желілерде де көпшіліктің көңілінен шығып жүрген көптеген мамандар бар. Жазған жазбаның мөлдірлігі мен шынайылығынан әсте алдыңғы орында тұрған қаламгерлердің бірі Шынар Әбілдамен пікірлескен едік.
«Аударма – заман көшінен қалыспайтын сала. Меніңше, қазақ аудармасы кенжелеп дамып жатыр. Дегенмен, қазіргі таңда баспалар арасында аудармаға ден қоюшылықты байқаймыз. Бұл үдеріс қуантады. Егер аудармаға мемлекеттік тараптан қолдау көрсетілсе, біздің әдеби үдеріс зор серпінге ие болар еді. Аударманың арқалайтын жүгі ауыр. Алайда беретін жемісі де мол. Ол қаламгердің ізденісін кеңейтетін көкжиек. Талпынысын арттыратын қыруар еңбек. Аудармаға ден қойған елдерді байқасақ, әдебиеттері жақсы даму жолына түскен. Олардың өзі қазіргі таңда стихиялық деңгейге жетіп отыр. Осындай үлкен дәрежеге көтерілу үшін аударма саласы үздіксіз жетілдіріліп, қолдау көрсетіліп, әдеби көштің алдында жүруі тиіс. Бұл бір жағынан, қаламгерлер арасында бәсекелестік рухты көтерсе, екінші жағынан өзіңде барды түгендеп, сырт елге не берсек дегенді құнттауға септігін тигізеді. Аударма тек әдебиет саласын емес, жалпы қажетті саланың бәрінде бар. Сол мұқтаждық өз талабына сай бүтінделіп жатқан жоқ. Әлі күнге дейін ЖОО-лардың оқулық ұсынғанда шетелдік авторларды орыс не ағылшын тіліндегі еңбегін айтатынын көріп жүрміз. Соның бәрі аударма саласында әлі де олқылығымыз бар екеніне дәлел. Аудармашының еңбегі ұшан-теңіз. Дегенмен, аударманың мәнін түсінетін, мәйегін жеткізетін аудармашылар болғаны қуантады. Оларға сұраныс арта береді. Қазіргі таңда тіл білімін жетілдірудің өзіне жақсырақ құнттау қажет сияқты. Әсіресе аудармашылар үшін», – дейді Шынар Әбілда.
Әйтсе де әдеби аударманың орны бөлек. Оны мамандар жауапкершілік жүгін сезіне біліп, еңбек ету керегін айтады. Әйтпесе еткен еңбегіңнің мәні де болмайтыны анық. Осы ретте қарымды қаламгер Шынар Әбілданың сөзіне сүйенсек, аударма тіпті түпнұсқадан да әсерлі болу керек деген ойға тоқталуға болады. Өйткені өз тіліңдегі туындыдан алатын әсерің өзге тілге қарағанда басым болу керек.
«Синхронды аударма бір бөлек әлем болса, әдеби аударма ол мүлде басқа сала. Әдеби аударманың маңызы ешқашан кемімейді. Мәтіннің маңызын жоғалтып алмай оқырманға ой салу үлкен талант. Өз басым, еркін аударманы жақсы көремін, сөзбе сөз емес, аударманың атмосферасын еркін жеткізу. Жылайтын жеріндегі эмоциясын қысып қалмай, күлетін жеріндегі ырықсыз көңілді сол күйінше көрсетуге тырысамын. Аударманың оқылмай, өлі қалғаны аянышты. Еңбегің ақталмай қалғаны. Сондықтан аударма мәтіннің өзі аударылып белгілі бір тілге көшкенде түпнұсқадан тәуелсіздік алып, еркін өмір сүруіне жол ашу аудармашының міндеті деп қарастыруға болады. Аударылған дүние оқыған адамның көкейіне қонса, онда өзіне артылған миссияны атқарғаны. Оқып отырған адам ойға қалмаса, сыдыртып өте шықса, аударма дегеніне жетпей қалғаны деп түсінемін», – дейді ол.
Бұрын-соңды ресейлік баспа өнімдері бізге тікелей жол тартатын. Қазір санкцияға байланысты әлем әдебиеті Ресейге, Ресей сыртқа шығуды қойды. Біздегі мәліметтерге сүйенсек, сатылған өнімдердің көпшілігі Ресейден және орыс тілінде болып келді. Ол уақыттарда әрбір бесінші кітап қана қазақша сөйледі. Тіпті, елдегі кітап дүкендерінің қоржынындағы кітаптардың шамамен 80 проценті – шетел әдебиеті. Бұрын көш басына шыққан фантастика жанрының ізін «самари» жанры басып тұр.
Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына «Zerde Publishing» баспасының негізін қалаушы әрі директоры Инара Сәруар «Көрші елге аударма жасауға қазірде санкциялардың салынып жатуы қазақстандық баспа үшін артықшылықтар ғана береді. Қазір «Зерде» баспасы ханзада Гарридің сенсациялық естеліктерін шығару үшін британдық әріптестермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Авторларды ұсынатын және барлық тілдерде құқықтарды сататын Penguin Random House LLC сияқты жаһандық баспа конгломераттары Қазақстанды орыстілді оқырмандары бар нарық ретінде тани бермейді. Біздің халықтың саны олармен жұмыс істеуге дайын статистика емес. Бірақ жағдай өзгеруде. Сондықтан, ең алдымен, біз енді авторлық құқық иелерінен аударманың сапасына, авторлық құқықтың сақталуына кепілдік бере отырып, өз атымызға ие боламыз. Zerde Publishing баспасы орыс тіліндегі бестселлерлердің құқықтарын сатып алу бойынша белсенді жұмысты бастады», – деген пікір білдірген.
Осы жерде айта кету керек, қазір аудармамен қатар түпнұсқалар да кеңінен сатыла бастады. Демек, біздің елдегі оқырмандардың тіл білімінде терең ізденісі бар деген сөз. Мәселен, Барак Обаманың бір-екі жыл бұрын шыққан кітабы орысша және қазақша аудармасынан гөрі әлдеқайда қымбатырақ сатылды. Бірақ бағасының қымбат болғанына қарамастан, ол түгел сатылып кетті. Ендеше, ағылшын тілінде кітап оқып, айы оңынан туып жүргендер жетерлік деген сөз.
Тілші түйіні:
Облыстық телеарнада еңбек етіп жүргенімде ресейлік бір тұлғаның сөзін аударып, синхронға салуым қажет болды. Аударған деген осы екен деп, сөзбе-сөз аудардым да, монтажға отырдым. Жұмысымды тексерген жаңалықтар бөлімінің редакторы маған: «Қазақтар бейшара десе, оны да солай аударасың ба? Ұлттық ерік-жігерің мен ұлтыңа деген махаббатыңның деңгейі осы ма?» деген еді. Мен сонда барып, аударманың қаншалықты жүк арқалайтынын түсіндім. Әсте, әңгіме мұнда емес. Әңгіме, сөзбе-сөз аудару өте қате ұғым екенінде. Ғылымда тікелей аударманың өз реттілігі бар шығар, бірақ әдебиетте аударған дүниеңді оқыған автордың өзі ойланып қалуы керек. Бұл – аударманың ең маңызды факторы. Сондықтан аудармаға жүре қараудың қажеті жоқ.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!