Ауғанстанның Құндыз қаласынан шыққан 13 жастағы жасөспірім жолаушылар ұшағының шасси бөлігіне отырып, Үндістан астанасына дейін ұшып барған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл туралы The Indian Express басылымы хабарлады.
Оқиға 21 қыркүйек күні таңертең болған. Жасөспірім КAM Air әуе компаниясының Кабул – Нью-Дели бағытындағы рейсіне жасырын кіріп кеткен. Ұшу ұзақтығы 94 минутқа созылған.
Үндістандағы Индира Ганди халықаралық әуежайына қонған соң, ол ұшу алаңында жалғыз өзі жүрген жерінен табылып, қауіпсіздік қызметіне жеткізілді. Тексеру барысында жасөспірім мұндай әрекетке «қызығушылықтан» барғанын айтқан. Оның жоспары Кабулдан Тегеранға жету болғанымен, қателесіп Дели бағытына мінгені белгілі болды. Жасөспірім ешқандай жүксіз, жеңіл киіммен сапар шеккен.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда тірі қалу екіталай. Себебі жолаушылар ұшақтары әдетте 9 мыңнан 12 мың метрге дейінгі биіктікте ұшады, ол жерде температура минус 50 градусқа дейін төмендейді. Герметикалық салоннан айырмашылығы, шассидің ішкі бөлігі жылытылмайды әрі онда оттегі жетіспейді. Мұндай жағдайда жолаушылардың 77%-ы көз жұматыны айтылады. Бұған қоса, дөңгелектің жұмыс істеуі мен ұшу кезінде құлау қаупі де өте жоғары.
Қазіргі таңда жасөспірім Үндістан билігінің қорғауына алынды. Оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!