Фото: Видеодан алынған скрин
Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды реттеу ісінде тиімді делдал болуға ерекше мүмкіндіктерге ие. Бұл туралы саясаттанушы Азамат Байғалиев Bizdin Orta подкастында мәлімдеді, деп хабарлайды КAZINFORM.
— Әлем Қазақстан жалғыз өзі Ауғанстан мәселесін шеше алады деп ойлайтындай аңғал емес. Бұл мәселені ондаған жыл бойы бүкіл әлем шеше алмады. Дегенмен, біздің ел осы бағыттағы ең қолайлы медиатор. Батыс келіссөз жүргізушілерін шартты түрде алаңдататын жайттар біз үшін мәдени кодтың бір бөлігі. Біз Ауғанстанға кез келген басқа елге қарағанда әлдеқайда жақынбыз, — деді сарапшы.
Оның айтуынша, Ауғанстан ұзақ уақыт бойы Орталық Азиядан ақпараттық тұрғыда оқшауланып келді, бірақ мәдени және демографиялық тұрғыдан аймаққа жақын.
— Онда тіл де, мәдениет те, тіпті ас та ұқсас. Ауған асын татқанда, бұл — біздің тағам екенін сезесің. Өкініштісі, азаматтарымыздың көпшілігі Ауғанстанның мәдениеті мен халқы жайында аз біледі, — деді Байғалиев.
Саясаттанушының пікірінше, елімізде Ауғанстан туралы көзқарас көбіне батыстық, кеңестік және ресейлік БАҚ арқылы қалыптасты.
— Біз бұл елге өз көзімізбен өте сирек қарадық. Қазір оны жаңа қырынан бағалап, аймағымызға ықпалдастыру мүмкіндігі бар, — деп қосты ол.
Сарапшының айтуынша, әлемдік тұрғыдан алғанда, Ауғанстан — Орталық Азияның бір бөлігі. Сондықтан кез келген, соның ішінде экономикалық шешімдер қабылдауда ауған факторын ескерген жөн.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!