SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ауғанстан мен Пәкістан Қатар астанасы Дохада өткен келіссөздер нәтижесінде атысты дереу тоқтату жөнінде уағдаласты. Бұл туралы Катар сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Мәміле екі ел арасындағы бір аптаға созылған қанды қақтығыстарға нүкте қойды. Шекара бойындағы шайқастар салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүздеген тұрғын жараланған болатын — бұл соңғы жылдардағы ең ауыр шиеленіс деп бағаланып отыр.
Қатар тарабының мәліметінше, тараптар тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған арнайы механизмдер құрып, алдағы күндері қосымша келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бұл процесте түрік дипломаттары да делдалдық көмек көрсеткен.
Қақтығыс қазан айының басында басталды. Екі ел де бір-бірін агрессияға айыптаған. Исламабад Ауғанстан аумағында жасырынған содырлар Пәкістанға шабуыл жасап жүр деп мәлімдесе, Кабул мұндай айыптауларды жоққа шығарады.
Пәкістан билігі соңғы жылдары, әсіресе 2021 жылы «Талибан» билікке қайта келгеннен кейін, шекара маңындағы терроризммен күресті күшейткен. Соңғы шайқастар аймақтың одан әрі дестабилизациялану қаупін арттырған, себебі мұнда «Ислам мемлекеті» мен «Аль-Каида» сияқты ұйымдар қайта белсенді бола бастаған.
18 қазанда Пәкістан әскері ауған аумағындағы Пактика провинциясына әуе соққысын жасап, Хафиз Гүл Бахадур тобына қатысы бар ондаған содырды «жойғанын» мәлімдеді. Алайда «Талибан» өкілдері бұл шабуылдан кемі 10 бейбіт тұрғын, соның ішінде әйелдер мен балалар, сондай-ақ жергілікті крикет ойыншылары мерт болғанын айтты.
Крикет федерацияларының наразылығынан кейін Ауғанстан құрамасы Пәкістандағы алдағы жарыстардан бас тартты. Ал Халықаралық крикет кеңесі «үш жас спортшының өліміне қатты күйзелгенін» жеткізді.
Талибан өкілі Забихулла Мужахид Пәкістанның «қайталанған шабуылдарын» айыптап, мұны Ауғанстан егемендігін бұзу әрі қақтығысты әдейі ушықтыру деп атады.
Өз кезегінде Пәкістан армиясының басшысы Асим Мунир Ауған билігін «мәңгілік зорлықтың орнына өзара қауіпсіздікті, ал қараңғылықтың орнына дамуды таңдауға» шақырды.
Екі елді 2600 шақырымдық Дюранд сызығы бөліп тұр. Алайда Ауғанстан бұл шекараны тарихи әділетсіз деп санап, мойындамай келеді. Шекара мәселесі ғасырдан астам уақыт бойы екі мемлекет арасындағы ең күрделі даулардың бірі болып қалып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!