KAZINFORM — Аустралияның шығыс жағалауында рекордтық су тасқыны болды. Бұндай тасқын ғасырға жуық уақыт бойы болған жоқ. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында зардап шеккен елді мекендер апат аймағы деп жарияланды. Соңғы мәліметтер бойынша, екі адам қаза тауып, 2 адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды Mir24.tv.
5,5 мыңнан астам үй жарықсыз қалды. Бұған толассыз жауған жаңбыр кінәлі. Су тасқыны салдарынан ағаштар электр сымдарына құлады. Жөндеу бригадалары әзірге нысандарды тексеріп, жарықты қалпына келтіре алмай отыр. Олар қазір әуе патрульін жұмылдырмақ, бірақ мамандар бірнеше күн электр жарығы болмайтынын ескертіп үлгерді. Қазір су басқан аймақта 140-тан астам елді мекен бар. Олардың тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Кейбір адамдар тіпті шатырлардан құтқарылуда.
— Бұл — штат халқы үшін қорқынышты апат. Он мыңдаған үйлер қазірдің өзінде су тасқыны аймағында және біз алдағы 24 сағатта бұдан да жаман жаңалықтарға дайынбыз, – деді штат премьері Крис Миннс.
Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар қызметінің 2 мыңнан астам қызметкері тартылып, әскерилер жұмылдырылды.
Аустралияның шығыс жағалауындағы 50 мыңнан астам тұрғынға эвакуациялау туралы ескерту берілді. Континенттің шығыс жағалауының Графтоннан Ньюкаслға дейінгі 500 шақырымдық бөлігіндегі елді мекендерді эвакуациялау туралы хабарламалар тарқатылды. Ең қиын жағдай Мэннинг, Гастингс, Маклэй және Намбукка өзендерінің құйылыстарында орналасқан қалалар мен елді мекендерде байқалады. Онда жаңбырдан бөлек, өзендер арнасынан асып жатыр.
Соңғы аптада елдің шығысындағы бірқатар аймақтарда 600 мм-ден астам жауын-шашын түсті.
Гидрометеорология бюросының мәліметінше, бейсенбі күні шығыс жағалаудың орталық бөлігінде жауын-шашынның тәуліктік мөлшері кемінде 300 мм болды. Жаңбыр жұмаға қарай оңтүстікке қарай жылжып, Сидней мен оның маңындағы қалаларға жауады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!