Бейжіңде БҰҰ-ның әйелдердің жағдайы жөніндегі IV Дүниежүзілік конференциясының 30 жылдығына орай Жаһандық әйелдер саммиті өтті, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Бейжіңде Жаһандық әйелдер саммиті өтті

Осыдан 30 жыл бұрын Бейжіңде білім беру мен денсаулық сақтаудан бастап әйелдердің саясатқа қатысуы мен зорлық-зомбылыққа қарсы күреске дейінгі 12 басым бағытты анықтаған әйелдер құқықтары саласындағы негізгі халықаралық құжаттар – Пекин декларациясы мен Іс-қимыл платформасы қабылданды

2025 жылғы саммит Қытайдың бастамасымен және «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының серіктестігімен ұйымдастырылды. Бұл саммит Бейжің іс-қимыл платформасында бекітілген келісімдердің жүзеге асырылуы бойынша елдердің тәжірибе алмасуы мен қол жеткізілген прогресті бағалауға арналған жаһандық алаңға айналды.

Саммиттің ашылу рәсімінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин бағдарламалық сөз сөйледі. Ол әйелдерге қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындап, олардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мемлекеттің ерік-жігерінің көрінісі екенін атап өтті. ҚХР басшысы әйелдердің мемлекеттік басқару, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салалардағы қатысуын кеңейтудің, сондай-ақ әйелдерге қатысты біржақтылық, кемсітушілік пен зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жоюдың маңыздылығын атап өтіп, гендерлік теңдік қоғамның жалпыға ортақ нормасы мен құндылықтық негізіне айналуы қажеттігін айтты.

Диалог алаңы барлық құрлықтардан келген мемлекет, үкімет және парламент басшыларын, премьер-министрлердің орынбасарларын, министрліктердің өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшыларын біріктірді.

Саммитке қатысушылар гендерлік теңдікті ілгерілету бағытындағы 30 жылдық жұмыстың нәтижелерін талқылап, әйелдердің білім мен денсаулық сақтауға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық күш-жігерді жандандыру мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ олар әйелдердің цифрлық экономикадағы рөлін нығайтуға бағытталған бірлескен қадамдарды айқындады.

Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова өз сөзінде 30 жыл бұрын Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасының қабылдануы Қазақстан үшін әйелдер құқығын қорғау саласындағы ауқымды өзгерістердің бастапқы нүктесі болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан аймақтағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуде қатаң шаралар қабылдаған алғашқы мемлекет болғанын айтты. Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін заң қабылданып, жұмыс орнындағы харассменттің алдын алу мақсатында заңнамаға түзетулер әзірленуде. Еліміздегі судьялардың жартысынан астамын әйелдер құрайды, бұл сот жүйесінің әділдігі мен оған деген сенімді арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар Эльвира Азимова әлемде әлі де сақталып отырған гендерлік алшақтыққа назар аударып, әйелдердің білімге, технологияларға, жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік салаларына тең қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!