Фото: 24.kg

Бішкекте жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер төбелесіп, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі 24.kg-ге сілтеме жасап.

Қырғызстанның Свердлов ауданына қарасты Ішкі істер басқармасы 13 мамыр күні Будённый көшесінде орналасқан хостел маңында төбелес болғанын мәлімдеді. Нәтижесінде Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 280-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицияның айтуынша, шетелдіктер жергілікті тұрғындарды ұрып-соққан. 

Алайда 18 мамырға қараған түні 700-ге жуық адам Құрманжан Датқа көшесіне жиналып, оқиғаға наразылық білдірді. Олар биліктен жанжалға қатысушыларды жазаға тартуды талап етті.

Денсаулық сақтау министрілігінің мәліметінше, Бішкектегі стихиялық наразылық кезінде 27 адам зардап шекті. Олардың барлығы — шетелдіктер.

Сенбі күні таңғы сағат 4-те Қырғызстан ішкі істер министрлігі Бішкекте жағдай тұрақталғанын хабарлады.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. 

«Елордада 18 бен 25 жас аралығындағы 700-ге жуық адам жиналды. Олар елде Пәкістан, Бангладешт, Египет,Үндістан сынды елдерден келетін мигранттар санының күрт өсуіне наразылық білдірді. Олардың талаптары белгілі бір дәрежеде дұрыс деп ойлаймын. Үкімет тиісті шараларды қолға алып жатыр. Күн сайын елімізде заңсыз жүрген 20-30 шетел ұсталады. Кешегі шеруге жиналғандардың арасынан арам ниеттілерді көрген жоқпыз, бірақ ішінде арандатушылар болды. Олардың кім екені анықталып, жақын арада жауапқа тартылатын болады»,—деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!