Фото: istockphoto.com
Жаяу серуендеп жүрген уақытта аю бойжеткен қызды сүйіктісінің көзінше алып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі New Your Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Румынияда қайғылы оқиға болды. Бучеги тауларында қоңыр аю серуендеп жүрген 19 жастағы Мария Дианаға шабуыл жасады. Қыз бен оның жігіті Спумоаса сарқырамасына өрмелеп бара жатқанда, соқпақтан аю пайда болады.
Диана құтқару қызметіне хабарласып үлгереді, алайда аюдың жақындағанын хабарлаған сәтте жабайы аң оны 120 метр биік жардан лақтырып жіберген. Құтқарушылар қыздың алған жарақатынан тірі қалуы мүмкін емес екенін айтты.
«Ол қатты қорқып кетті… Оның «Аю жақындап қалды!» деп айқайлағаны естілді. Жабайы аң қызды алып кетті. Бәрі қорқынышты болды!» – деді жергілікті тау-құтқару қызметінің басшысы Дан Бану.
Ал Диананың сүйіктісі зардап шеккен жоқ. Ол аюды қорқытпақ болғанын, бірақ бұл әрекетінен нәтиже болмағанын айтты.
«Оның орнында өзім болғанымда ғой», – деді сүйіктісі журналистерге.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар қыздың денесін айналшықтап тұрған аюды көреді. Жануар шабуыл жасамақ болған, сол себепті құтқарушылар оны атып өлтірді.
Жабайы табиғат маманы Кармен Струнгуру аюдың қызды жардан әдейі лақтырып жіберуі екіталай дейді.
«Сірә, қыз қорқып, қашпақ болғанда құздан құлап кеткен», – деді ол.
Айта кетерлігі, Румыния Ресейден тыс Еуропадағы қоңыр аюлардың мекені болып саналады, олардың саны 8 мыңға дейін жетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!