Фото: видеодан алынды
Бразилияның оңтүстігінде тоқтаусыз жаңбыр жауып, мұның соңы тасқынға ұласты. Салдарынан бөгет істен шығып, 39 адам опат болды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.
Тағы 70 кісі із-түзсіз кеткен. Бұл туралы жергілікті заматтық қорғаныс агенттігі хабарлады. Олардың сөзінше, бөгеттің бұзылуынан толқын деңгейі 2 метрге дейін жеткен. Бұл су басқан аймақтарға қатты зақым келтіріп, 15 мыңға жуық тұрғын қонысын тастауға мәжбүр болған. Рио-Гранде-ду-Сул штатында шамамен 500 мың адам жарықсыз және ауыз сусыз отыр. Бұл Бразилиядағы соңғы 80 жылдағы ең алапат тасқын дейді мамандар.
Эдуардо Лейте, Риу-Гранди-ду-Сул штатының губернаторы: – Бұл аймақ тарихында бұрын-соңды тіркелмеген ең ауыр апат. Халық алапат тасқынға алғаш рет куә болып отыр.
Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр
Техастың оңтүстік-шығысында да қолайсыз ауа райы тіркелді. Қатты жауын-шашын салдарынан Хьюстон қаласында мектептер уақытша жұмысын тоқтатты. Қозғалыс шектеліп, жолдар жабылды. Ал Сан-Хасинто өзенінің деңгейі 20 метрге жеткен. Өзен суы тағы 3 метрге көтерілуі мүмкін. Ұлттық метереология қызметі тасқын қаупі барын ескертті. Билік тұрғындарды шұғыл қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
Остин Джуно, Хьюстон қаласының тұрғыны: – Өзен суы көз алдымызда тез көтеріліп жатыр. Соңғы бірнеше сағатта жолдарды су басып үлгерді. Қазір Конро көліне бөгеттерді ашып, үлкен көлемде су жіберіп жатыр. Сол себепті тез көтерілуде.
Тасжол опырылып, 48 адам опат болды
Тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін Қытайдың оңтүстігінде тас жолдың бір бөлігі опырылып түсті. Оқиға Гуандун провинциясының Мэйда автожолында болған. Тас-талқаны шыққан тас жолдың ұзындығы шамамен 18 метрге жетеді. 23 көлік үйінді астында қалған. 48 адам мерт болды, тағы 30 кісі жарақат алды. Айта кетейін, өңірде соңғы екі аптада рекордтық деңгейде жауын-шашын түсіп, тасқын жүрген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!