KAZINFORM – Антонио Гутерриш Сауд Арабиясындағы сарапшылар кездесуінен кейін мәлімдеме жасады. Бұл туралы Анадолы сайты жазды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресей мен Украина арасындағы Қара теңізде кеме қатынасы еркіндігі туралы келісімге қанағаттанғанын айтты.

— Бас хатшы Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы және Украинаның Сауд Арабиясында қол жеткізген келіссөздері мен міндеттемелерін құптайды, — деді БҰҰ басшысы ұйымның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Аймақтан жаһандық нарықтарға шығатын сауда жолдарының маңыздылығын еске салды.

— Азаматтық кемелер мен порт инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету үшін Қара теңізде жүзу еркіндігі туралы келісімге қол жеткізу жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен жеткізу тізбегіне маңызды үлес болады, — деді Гутерриш.

Ұйым басшысы БҰҰ-ның бұл мәселемен ұзақ уақыт айналысып келе жатқанын және 2024 жылдың 7 ақпанында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға, Ресей президенті Владимир Путинге және Украина президенті Владимир Зеленскийге Қара теңізде қауіпсіз және еркін жүзу туралы ұсыныспен хат жолдағанын еске салды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы осы бағытта жүйелі жұмысын жалғастырып отыр, делінген мәлімдемеде.

БҰҰ сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық мәселелерін шешу үшін ресейлік азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыштарының әлемдік нарықтарға шығуын жеңілдету мақсатында Ресей Федерациясымен өзара түсіністік туралы меморандумды одан әрі іске асыруға қатысуды жалғастыра бермек.

— Бас хатшының ізгі қызметтері бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған барлық күш-жігерді қолдауға дайын, — делінген хабарламада.

БҰҰ басшысы мұндай күш-жігердің атысты тоқтатуға жол ашып, БҰҰ жарғысына, халықаралық құқыққа және «Украинаның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығына толық құрметпен» сәйкес қарарларына «әділ, жан-жақты және ұзақ бейбітшілікке қол жеткізуге ықпал ететініне» үмітті екенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!