Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің ушығуына алаңдаушылық білдіріп, екі елді сабыр сақтауға шақырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Саясаткердің мәлімдемесі БҰҰ-ның ресми сайтында жарияланды.

Гутерриштің айтуынша, әлем Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығысқа жол бере алмайды.

7 мамырға қараған түні болған зымыран шабуылдарының алдында-ақ бас хатшы тараптар арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге жәрдемдесуге дайын екенін білдіріп, бұл мәселенің әскери жолмен шешімі жоқ екенін атап өткен.

Үндістан мен Пәкістан бір-бірінің аумағына зымыран соққысын жасап, нәтижесінде екі тараптан ондаған адам қаза тапқаннан кейін, бұл жағдайға әлем елдері өз реакцияларын білдірді.

Атап айтқанда, АҚШ президенті Дональд Трамп бұл қақтығыстың өршуін «ұят жағдай» деп атады. Оның айтуынша, адамдар мұндай жағдай болатынын алдын ала сезген, өйткені Үндістан мен Пәкістан ғасырлар бойы соғысып келеді. Сонымен қатар Ақ үй басшысы көршілес екі мемлекеттің әскери қақтығысы жақын арада тоқтайды деген үмітін жеткізді.

Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Үндістан мен Пәкістан өкілдерімен шұғыл телефон арқылы сөйлесіп, оларды байланыс арналарын ашық ұстауға және шиеленісті ушықтырмауға шақырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!