SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Газа секторында азық-түлік тапшылығы ең ауыр деңгейге жетті. Бұл туралы 22 тамызда БҰҰ қолдайтын Азық-түлік қауіпсіздігі фазаларын жіктеу комитеті (IPC) хабарлады. Ұйым өңірдегі жағдайды бесінші, яғни «апаттық» деңгейге көтерді.
Ресми мәліметке сәйкес, аштық Газа мухафазасында тіркелді. Сондай-ақ қыркүйек соңына қарай оның Дейр-эль-Балах пен Хан-Юнис аудандарына таралуы мүмкін екені ескертілді.
Бұл шешім бірнеше айлық ескертулерден кейін қабылданды. Халықаралық гуманитарлық ұйымдар Израильдің азық-түлік пен гуманитарлық көмекті шектеуі және әскери операциялары өңірде аштықты күшейткенін мәлімдеді.
IPC дерегінше, қақтығыс, блокада және азық-түлік өндірісінің құлдырауы салдарынан аштық өмірге қауіп төндіретін деңгейге жетті. Соғыс басталғалы 22 ай ішінде халықтың төрттен бірі – шамамен 500 мың адам – өлім қаупіне душар болып отыр.
Бұл – Таяу Шығыста аштықтың алғаш рет ресми расталуы. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Израильге халықаралық қысымды арттыра түсуі мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!